Мәжіліс кредиттен құтылуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады

0
131
Мәжілістің жалпы отырысы.

14 желтоқсанда мәжіліс депутаттары “Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы” заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қазақстан қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, заңда халықаралық тәжірибе ескерілді. Оған сәйкес, үш рәсім – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық жариялау және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру шараларын енгізу жоспарланып отыр.

“Барлық үш рәсімді борышкер ғана бастай алады, яғни несие берушінің борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ”, — деді Жамаубаев.

Соттан тыс банкроттықтың шарттары:

  • берешектің 4,9 миллион теңгеден (1 600 АЕК) аспауы;
  • борышкерде ресми кірістің болмауы;
  • мүліктің болмауы;
  • қарыз бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізу.

“Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Соттан тыс банкроттық «Электрон үкімет» веб-порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі”, — деп атап өтті министр.

Ал сот арқылы банкроттық қарыздың сомасы 4,9 миллион теңгеден асқан жағдайда қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз