Қазақстан акробаттары Азия чемпионатында топ жарды

0
138

Алматыда спорттық акробатикадан жасөспірімдер арасында Х Азия чемпионаты аяқталды.

Чемпионат үш жас санатында өткізілді: үлкендер, 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдер және 12-18 жас аралығындағы топтар. Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы ақпарат орталығының мәлімдеуінше, чемпионатқа Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Үндістан, Иран, Солтүстік Корея және Гонконгтан келген 144 спортшы қатысты.

Жарыстың қорытындысы бойынша, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы «алтынға», Өзбекстан құрамасы «күміске», ал Қытай құрамасы «қолаға» қол жеткізді.

«Барлығы жоғары деңгейде өтті, біз өте қуаныштымыз. Еліміздің құрама командасы көп марапаттар мен медальдарды жеңіп алды. Командалық жарыстарда біз үш кубокқа қол жеткіздік. Өз кезегінде, біз әріптесіміз екеуміз екінші орынды иемдендік. Эмоциямызды сөзбен жеткізіп айта алмаймын. Барлық ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз», – деп қазақстандық спортшы Диас Балдыбаев өз әсерлерімен бөлісті.

Айта кету керек, бұл Қазақстанда өтіп жатқан бесінші Азия чемпионаты. Аталған чемпионатта жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және тиісті дәрежедегі дипломдармен марапатталды.

Байқаудың негізгі мақсаты – Қазақстандағы спорттық акробатиканы таныту және дамыту, қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушылардың дайындық деңгейін көтеру, сондай-ақ халықаралық аренада Қазақстан мен Алматы қаласының спорттық имиджін қалыптастыру.
Чемпионатты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасының және Алматы қаласының гимнастика федерациясы ұйымдастырды.

Сайлаубай Сабина

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз