Даңқты футболшы Пеле өмірден өтті

0
110
Пеле.

Бразилиялық әйгілі футболшы, үш дүркін әлем чемпионы Пеле 82 жасында қайтыс болды. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады.

Футболшы қараша айынан бері Сан-Паулу қаласындағы ауруханада жатқан. Ол ауруханаға коронавирус жұқтырып түскен еді. Пеле бұған дейін қатерлі ісіктен емделіп жүрген. 2021 жылы футболшының ішегіне операция жасалып, ісік алынған. 22 желтоқсанда Пеленің жағдайы нашарлағаны хабарланған.

FIFA Пеле мен аргентиналық Марадонаны 20-ғасырдың ең үздік футболшылары деп таныған еді. Ол Бразилия құрамасы сапында 1958, 1962, 1970 жылдары әлем чемпионы атанған. Бразилия құрамасы сапында 92 матч өткізіп, 77 гол салған.

Биыл маусымда ол инстаграм парақшасында Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жазып, Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырған.

“Сексен жылда қақтығыстарды да, өз елімді қорғаймын деп айуандықты насихаттаған лидерлердің ісін де көрдім. Біз мұны тоқтатуымыз керек. Бейбітшілік үшін үнсіз қалмаймын деп өзіме уәде берген едім. Бұл қақтығысты тоқтату сіздің қолыңызда” деп жазған еді Пеле.

Қазір әлемге танымал футболшылардың көбі Пеленің қазасына көңіл айтып, онымен қоштасып жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз