Италия Еуропа чемпионы атанды

0
286
Италия құрамасы. Photo: Sky Sports

Италия құрамасы Еуро-2020 турнирінің финалында Англияны жеңіп, 53 жылдан кейін екінші рет Еуропа чемпионы атанды.

Финалда есепті ойынның 2-минутында Англия құрамасының қорғаушысы Люк Шоу ашты. Ал 67-минутта италиялық қорғаушы Леонардо Бонуччи есепті теңестірді. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталып, ары қарай финал қосымша уақытқа ұласты.

Қосымша уақытта 1:1 есебі өзгерген жоқ. Кейін екі команда жеңімпазды анықтау үшін пенальти сериясын орындады. Пенальтиден 3:2 есебімен Италия басым түсті. Англия құрамасы сапынан Маркус Рэшфорд, Джейдон Санчо, Букайо Сака пенальтиден мүлт кетті.

Италия 1968 жылы Римдегі финалда Югославияны 2:0 есебімен жеңіп, чемпион атанған. 2000 жылғы финалда Франциядан (1:2), 2012 жылғы финалда Испаниядан (0:4) есебімен жеңілген еді. Италия төрт рет финалда ойнап, екі рет жеңіске жетті.

Италия мен Англия осымен 28 рет кездесіп, Италия оныншы рет жеңіске жетті. Ал сегіз ойында Англия жеңген, қалған матчтар тең аяқталған.

Англия Еуропа чемпионатында Италияны жеңе алмай келеді. Eкі команда Еуро-2012 турнирінің ширек финалында кездесіп, Италия пенальтиден басым түскен – 0:0 (4:2). 1980 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде Италия 1:0 есебімен ұтқан.

Италия Еуропа чемпионатын екінші рет жеңген соң бұл көрсеткіш бойынша Франциямен теңесті. Француздар 1984, 2000 жылы Еуро турнирін жеңген. Жалпы Германия мен Испания үш рет Еуропа чемпионы атанған.

Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Содан бері әр төрт жыл сайын өтеді. Турнир алғаш рет бір елде емес, Еуропаның 11 қаласында ұйымдастырылды.

Былтыр өтуі тиіс Еуро-2020 турнирі коронавирус пандемиясына байланысты биылға шегерілген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз