Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

0
204
Photo: rbc.ru

11 шілдеде Қазақстанда 3899 адамнан коронавирус анықталды. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген ең жоғары көрсеткіш. Кейінгі апталарда коронавирус жұққандар үздіксіз артып келеді.

Әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Қарағанды, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында вирус күшейген. Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда 950 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Алматыда – 638, Қарағанды облысында – 603, Атырау облысында – 290, Шымкентте – 264, Батыс Қазақстан облысында – 215, Ақмола облысында – 139, Маңғыстау облысында – 126, Павлодар облысында 142 науқас тіркелді. Қалған облыстарда анықталған науқастар жүзге жетпейді.

Қазіргі уақытта “жасыл аймақта” Түркістан мен Шығыс Қазақстан облысы ғана қалған. Төрт облыс: Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысы, Жамбыл мен Қызылорда облыстары – “сары аймақта”. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Павлодар, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары “қызыл аймақта” тұр. Алгоритмге сәйкес, “қызыл аймақтарда” карантин күшейеді.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 2020 жылдың наурыз айынан бері 458 724 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 4681-і қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2367 адамның өлімі кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, олар “өзге аурудан қайтыс болған”. Бірақ ДДСҰ нұсқаулығында оқыс жағдайдан өзгенің бәрін коронавирус өлімі статистикасына қосу қажет деп жазылған.

Үкімет былтыр тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. 10 шілдеге дейін 57 900 адам пневмонияның осы түріне шалдыққан (10 шілдеде 40 адамның пневмонияға шалдыққаны анықталды), 3492-сі қайтыс болған. Билік бұл деректі коронавирустың негізгі статистикасына қоспай отыр.

10 шілдеде 37 адам коронавирустан қайтыс болған: 34 адам – коронавирустан, 3 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады.

Қазір Қазақстан бойынша 41 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 13 мыңы стационарда жатыр. 126 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Кейінгі апталарда елде індеттің күрт күш алғаны байқалады. Билік органдары мұны “дельта штамымен” байланыстырады. Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда алғаш рет маусымның соңында тіркелген. Жаңа варианттың алғашқы вариантқа қарағанда едәуір жұқпалы.

Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Содан бері 4 млн 372 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 2 млн 442 мың адам вакцинаның екі дозасын алған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз