Qatar-2022: Иран футболшылары өз елінің әнұранын шырқаудан бас тартты

0
142
Иран құрамасының ойыншылары. Photo: CNBC

Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатындағы матч алдында Иран құрама командасының футболшылары өз елінің әнұранын шырқаудан бас тартты.

Команда капитанының сөзінше, спортшылар осы арқылы Иранда болып жатқан қарсылық акциясын қолдайтынын білдіргісі келген. Музыка қосылғанда үнсіз қалған футболшыларға көрермендер қол соғып, ризашылық білдірген.

Сол күні Иран құрамасы Англия құрамасымен ойнап, 6:2 есебімен ұтылды.

Ирандағы азшылық күрдтер арасынан шыққан 22 жастағы әйел құқығын қорғаушы Махса Әминидің өлімінен соң соң қыркүйекте Иранда жаппай наразылық басталған. Әминиді Иранның әдеп полициясы “хиджапты нормаға сай кимеген” деп ұстаған, кейін полиция бөлімшесінен ауруханаға апарған, бірнеше күннен соң Әмини ауруханада қайтыс болған. Наразылыққа шыққан халық оны полиция ұрып өлтірді деп санайды.

Наразылық Иранның барша аумағына жайылды. Көтеріліске шыққандар полицияның зорлық-зомбылығына қарсылық білдіріп, Иранды басқарып отырған аятолла Әли Хаменеидің биліктен кетуін, елді демократияландыруды талап етті.

Ел полициясы наразылықты күшпен басып жатыр. Құқық қорғаушылар таратқан ақпаратқа қарағанда, қазірге дейін кемі 326 адам өлтірілген. Өлгендердің арасында 45 сәби бар, 15 мыңнан астам адам қамауға алынған. 14 қарашада Иран соты қарсылық акциясына шыққан адамдардың бірін өлім жазасына кесті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз