Тарихи сәт: Қазақстан әлем чемпионатының жартылай финалында

0
213

Литвада өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионатының 1/4 финалында Қазақстан мен Иран құрамалары кездесіп, 3-2 нәтижесімен қазақстандықтар футзал тарихында алғаш рет жартылай финалға шықты.

Рикардо Кака жаттықтыратын жігіттер 2-0 есебімен жеңіліп жатқан жерінен намысқа тырысып, ойын аяқталуына санаулы минуттар қалғанда камбэк жасап жеңіске жетті. Бас бапкер Кака осындай эмоцияға толы матчтан кейінгі сұхбатында егерде өзі қазақ болса құраманың жігіттерін мақтан тұтарын айтты.

Бірінші тайм 2-0 есебімен ирандықтардың пайдасына аяқталды. Ал екінші таймда қазақстандықтар жауапсыз үш гол соғып жеңіске жетті. Қазақстан тарапынан гол соққандар: бірінші голды Дәурен Тұрсағұлов соққысынан кейін қақпашыға тиіп кеткені үшін автогол деп есептелінді, одан кейін Арнольд Кнауб және соңғы шешуші голды Тайнан соқты.

Ұлттық құрама осыған дейін топтық кезеңде Коста-Рика құрамасын 6-1, Литва құрамасын 3-0 есебімен жеңіп, соңғы турда Венесуэла құрамасымен тең (1-1) ойнады. Одан кейін 1/8 финалда Тайланд құрамасына жауапсыз 7 гол соғып жеңіске жетті.

Қазақстан, жартылай финалда Португалия құрамасымен 30 қыркүйек күні ойнайды. Ал, екінші 1/2 финалда Аргентина мен Бразилия құрамалары кездеседі. Айта кетейік, егер Қазақстан құрамасы жартылай финалда жеңіске жетсе финалда, ал жолы болмаса әлем чемпионатының үшінші орыны үшін сайысқа түседі.

Естеріңізге сала кетейік, Литвада өтіп жатқан әлем чемпионаты 12 қыркүйекте басталып 3 қазанда аяқталады. Жалпы турнирде 24 мемлекеттің құрамасы 6 топқа бөлініп, өзара жарыс өткізді. Плей-офф кезеңіне топтағы 1 және 2 орын иеленген командалар шықты. Бұдан бөлек ⅛ финалда 16 құрама өнер көрсетуі үшін топтық кезеңде жоғары ұпай жинаған тағы 4 құрама плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Матч барысында бірнеше сэйв жасаған қақпашы Игита

Есепті теңестірген Арнольд Кнауб

Тайнанның соңғы минутта жеңіс голын соққан сәті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз