Ұлыбританияда Pfizer/BioNTech вакцинасын жаппай егу мақұлданды

0
128
Photo: Reuters

Ұлыбританияның дәрі-дәрмек пен медициналық өнімді бақылау агенттігі (MHRA) коронавирустан 95 пайыз қорғайды делінген Pfizer/BioNTech вакцинасын жаппай пайдалануға жарамды әрі қауіпсіз деп таныды. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады.

Вакцина алдағы күндері басымдық берілген топтарға егіле бастайды.

Ұлыбритания 20 миллион адамды екі реттен егуге мүмкіндік беретін 40 миллион доза вакцинаға тапсырыс берген. Сарапшылар вакцинация басталса да, адамдар иммунитет қалыптасқанша санитарлық талаптарды сақтауы тиіс дейді.

Ұлыбритания – неміс пен американың екі компаниясы бірігіп жасаған Pfizer/BioNTech вакцинасын мақұлдаған алғашқы ел.

Бір күн бұрын Moderna мен BioNTech/Pfizer компанияларының АҚШ пен Еуропада вакцинаны тіркеуге өтініш бергені хабарланған еді.

Қазіргі уақытта әлем елдері жыл соңына дейін пайдалануға беріледі делінген коронавирус вакциналарын пайдалану жоспарын әзірлеуге кіріскен. АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығының сарапшылар тобы осы аптада 21 миллион медицина қызметкері мен әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы 3 миллион адамға бірінші кезекте вакцина егуді мақұлдады.

Франция 2021 жылдың басында дәрігерлер мен денсаулығы дімкәс адамдарды вакцинациядан өткізуді жоспарлап отыр. Халықтың қалған бөлігіне сәуір мен маусым аралығында дәрі егіледі. Індеттен қатты зардап шеккен елдердің бірі Бразилияның денсаулық сақтау министрі төрт кезеңнен құралған ұлттық иммунизация жоспарын таныстырды.

2021 жылдың ортасына дейін вакцина шектеулі күйде өндірілетіндіктен мемлекеттер бірінші кезекте медицина мамандары мен денсаулығына қауіп төнген адамдарды вакцинадан өткізу амалын қарастырып жатыр.

Соңғы мәлімет бойынша, әлемде 63,7 миллион адамға коронавирус жұққан, 1 млн 479 мың адам қайтыс болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз