Білім министрі: Қыркүйектен бастап мұғалімдердің жалақысы өседі

0
186
Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

1 қыркүйектен бастап тәлімгерлік, сынып жетекшілік, дәптер тексергені үшін мұғалімдердің жалақысы екі есе өседі. Магистр дәрежесі бар мұғалімдердің жалақысына 27 мың теңге қосылады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

“Біріншіден, қыркүйек айынан бастап тәлімгерлікке ақша қосылады. Екіншіден, сынып жетекшісіне төленетін ақы екі есеге өседі. Одан кейін дәптер тексергені үшін де бұрынғыдан екі есе көп ақша алады. Бұдан бөлек, магистрлік дәрежесіне 27 мың теңге беріледі”, – деді Аймағамбетов Kun.kz бағдарламасында.  

Жаңа жылдан бастап мектеп мұғалімдерінің жалақысы тағы 25 процентке көбейеді.

Айта кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кезекші топтарға сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы қалай көтерілетінін түсіндірген болатын. Оның айтуынша, бұрын бастауыш сыныптардың мұғалімдері жүктеменің аздығына шағымданатын. Себебі типтік жоспар бойынша 1-сыныптарда 24 сағаттық жүктеме болса да, ағылшын тілі, дене шынықтыру сияқты сабақтарды басқа мұғалімдер өткізеді. Сонда бастауыш сынып мұғалімдерінің жүктемесі 15-16 сағатқа дейін азаяды.

Осы жылы кезекші сыныптарда бір топта 15 оқушы ғана білім алады. Ондайда мұғалім жүктемесі артады, жалақысы да өседі. Мәселен, бұрын бір сыныпта 30 оқушы болса, кезекші сыныптарда 15 бала болады. Демек, бір сыныпты екі топқа бөлуге тура келіп, мұғалімнің жүктемесі артады. Сол үшін қосымша ақы төленеді. Жеке жүктемесі 28 сағатқа жетсе, сол уақыттың еңбекақысын алады. Бірақ бұл үстемақы емес тарификация бойынша төленетін жалақы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз