Елордада World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі басталды

0
353
World Scholar's Cup Global Round 2019 ашылу салтанаты. Нұр-Сұлтан қаласы. Жастар театры. 9 шілде. 2019 жыл.

Оқи отырыңыз:700-ге жуық оқушы қатысқан жарыс өз мәресіне жетті

9 шілде күні Елордадағы Spectrum Халықаралық мектебінің ұйымдастыруымен Жастар театрында World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі басталды. 

20-ға жуық елден келген оқушылар алдағы 4 күн бойы түрлі академиялық сайыстарда бақ сынайды. Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан олимпиаданың халықаралық деңгейіне Орталық Азия, Еуропа, Үндістан, Пәкістан және басқа да елдерден жалпы саны 215 білімпаз қатысып жатыр.

World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейінің қатысушылары. Нұр-Сұлтан қаласы. Жастар театры. 9 шілде. 2019 жыл.
World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейінің ұйымдастырушылары.
Жозеф Уиллард Хар. World Scholar’s Cup ұйымдастырушысы.

“Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейін өткізу үшін жиналып отырмыз. Қатысушылар әлемнің түкпір-түкпірінен келгендіктен оқушыларға өз дәстүрлерін көрсетуге мол мүмкіндік қарастырылған. Білімпаздардың бір-бірінен үйренері де көп деген ойдамын. Оман және Кения секілді ұзақтан келген қатысушыларымыз бар. Орталық  Азия мен Еуропа, Үндістан мен Пәкістаннан да көптеген оқушы келді. Бұл түрлі мемлекеттер мен дәстүрлердің байланысы. Нақты саны 215 қатысушы бар. Бұл жиын оқушылардың бір-бірін тануына, әлемде дос табуына үлкен мүмкіндік”, – деді олипиаданың ұйымдастырушысы Жозеф Уиллард Хар. 

Неліктен ОРЫНДЫҚ?

Олимпиаданың ашылу салтанаты барысында сахнадағы үлкен орындықтан бастап айналаның барлығы үлкенді-кішілі орындықпен толғанын аңғардық.  Осыдан-ақ Халықаралық деңгейдің басты элементі, тақырыбы орындық екенін түсінуге болады. Жауабын ұйымдастырушылардан сұрап көрдік.

“World Scholar’s Cup Олимпиадасы барысында көптеген елді араладық. Түрлі қызықты дәстүрге куә болдық. Алайда, біз елемейтін дүниелер жетерлік. Тіпті адамдардың өзі күнделікті бір-біріне зер салып, маңыз беріп қарамайды. Орындық – қарапайым зат. Күнде отыратын орындыққа да зер салып қарай бермейміз. Бұл тек мысал ғана. Үлкен істерді атқару үшін кішкентай дүниелерді де қаперде ұстаған жөн”, – деді ұйымдастырушы.

Оқушылар түскі астан кейін арнайы автобустарға отырып Жетісу саябағына жол тартты. Саябақта арнайы ұйымдастырылған ойындар ойнап бірінші күнді қорытындылайтын болады.

Қатысушылардың пікірі қандай?

Қатысушы Youngjiun Moon.

“Есімім Youngjiun Moon. Оңтүстік Кореяда дүниеге келдім. Қазір Астанадағы QSI Халықаралық мектебінде оқимын. Бүгінгі World Scholar’s Cup Global Round өте қызықты өтіп жатыр. Түрлі елден келген достарымызбен баға жетпес тәжірибе алмасып, қызықты дәстүрлермен танысудамыз. Ең ұнағаны топ болып жұмыс жасау. Дәл қазір флэшмоб ұйымдастырып жатырмыз”, – деді 13 жасар қатысушы. 

Оқушылар автобустан түсе сала топ болып суретке түсіп, қызықты флэшмобтар ұйымдастыруға кірісіп кетті.

Кениялық World Scholar’s Cup Global Round қатысушысы Amani Njuguna.

“World Scholars Cup-қа алғаш рет қатысып отырмын. Пәндерге дайындалуға ұзақ уақыт кетті. Бағдарламалар күрделі болса да қызық. Өзіме ұнап жатыр. Қазақстан өте қонақжай ел екен. Ауа райы да тамылжып тұр”, – деді Кениядан келшен қатысушы Amani Njuguna.

Қатысушы Ayaleem Tuken Tegi.

“Англияда дүниеге келдім. Астанадағы Haileybury Халықаралық мектебінде оқимын. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы World Scholar’s Cup Global Round 2019 -ға қатысып жатырмыз. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік. Сонымен қатыр, осы жарысқа қатысу үшін ұзақ дайындалдық. Көптеген елдерден дос таптық. Барлық қатысушылар үшін таптырмас тәжірибе деп айтар едім”, – деді 13 жасар қатысушы Ayaleem Tuken Tegi.

Олимпиаданың екінші күні Нұр-Сұлтандағы Білім Орда ХҚҚ-на қатысты Spectrum халықаралық мектебінде жалғасатын болады.

Еске сала кетейік, “WORLD SCHOLAR’S CUP ASTANA ROUND” атты жасөспірімдер арасында халықаралық білім сайысы осы жылы Елордадағы Spectrum Халықаралық мектебінде 25-26 наурыз күндері өткен болатын.

Abdimanap KENES

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз