Нұр-Сұлтанда көпбалалы отбасыдан шыққан оқушылар тегін тамақтанатын болады

0
32
Көрнекі сурет.

2019 жылғы қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев хабарлады.

Оның айтуынша, елордада 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілген.

“Сонымен қатар, 5-11 сынып аралығындағы жекелеген категорияға жататын балалар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұдан өзге, барлық мектепте ата-аналар есебінен тамақпен қамту ұйымдастырылған. 2019 жылғы қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Б. Сұлтановтың бастамасымен көп балалы отбасылардан шыққан балаларды да тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз”, — деді Д. Жекебаев.

Сонымен қатар, биылғы 1 қыркүйектен бастап елорданың барлық мектебі бейне бақылаумен қамтамасыз етіледі. Камералар асханаларда, тамақтар тікелей дайындалып жатқан цехтарда да орнатылады.

“2019 жылдан бастап аталған жұмысты жеңілдету мақсатында біз 30 мектепте бейнекамераларды орнаттық, 1 қыркүйекке қарай қаланың барлық мектептерін қамту көзделген. Кейбір мектептерде мобильді қосымшалар жұмыс істейді, ата-аналар баланы таңертең мектепке әкелген кезде тамақтың дайындалу процесін бақылай алады. Бракераждық комиссия ендігі бейне бақылау арқылы тексеріс жасай алады”, — деді елорданың Білім басқармасы басшысының орынбасары.

Арнайы өкілдің хабарлауынша, мектептерде тамақтану сапасын Білім басқармасының бұйрығымен құрылған қалалық Ведомствоаралық сарапшылар тобы да тексереді. Комиссия құрамына түрлі ведомстволардың өкілдері кіреді. Бұл — депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар.

“Бұл топ таңдаулы түрде мектептерге барады. Ведомствоаралық сарапшылар тобы мектептерде алғашқы көңіл бөлетін жағдай – бракераждық мектеп комиссиясының жұмысы, есеп құжаттамасын жүргізу, оқушылардың тамақтану режимі, экологиялық таза ауыз сумен қамтылу, сондай-ақ, тамақтану рационының бірыңғай стандарттар мен санитарлық талаптарға сай келіп-келмейтінін тексереді. Айта кетерлік жайт, тамақ дайындалатын бөлмеге тек санитарлық кітапшасы бар адамдар ғана кіре алады”, — деп түсіндірді Д. Жекебаев.

Айта кетейік, бақылаудың үшінші органы — Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті. Егер бастапқы екі орган негізінен бақылау функцияларын орындаса, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тек санитарлық ережелердің бұзылғаны анықталған жағдайда ғана жұмысқа кіріседі. Департамент өкілдері тексеріп, айыппұл санкциясын жазып, әкімшілік жауапкершілікке тарта алады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз