NASA ұшырған аппарат Марсқа қонады

0
126
Сурет: science.howstuffworks.com

26 қараша күні АҚШ ғарыш агенттігі (NASA) ұшырған InSight зерттеу аппараты, жоспар бойынша, Марс бетіне қонады.

Зерттеушілер аппарат қонатын аумақты мұқият зерттегеннен кейін таңдаған. InSight Элизий таулы қыраты ауданына қонуы тиіс. Ол ауданда ғарыш аппаратының кейінгі жұмысына бөгет келтіруі мүмкін қатты жел қатері аз саналады.

Ғарыш аппараты алты минуттың ішінде Марс атмосферасына еніп, одан соң “қызыл планетаның” бетіне қонуы тиіс. Осы кезде оның жылдамдығы сағатына 19,300 шақырымнан 8 км/сағатқа дейін кемиді. InSight баяу қонуы үшін ғалымдар оны арнайы механизмдермен жарақтандырған.

Егер аппарат ойдағыдай қонса, онда бұл Марсты зерттеу үшін ғаламшар бетіне жеткен сегізінші зерттеу аппараты болмақ. Ол Жерден Марсқа дейін 484 миллион километр қашықтықты ұшып өткен.

Азаттық радиосының хабарлауынша, InSight – планета бетінде жүруге арналмаған, ол бір орнында тұрып қозғалмай жұмыс істейді. Сондықтан ғалымдар аппаратты алдын ала белгіленген орнына дәл қондыру маңызды екенін айтады.

Құрастырылуы мен ұшырылуына 850 миллион доллар жұмсалған InSight миссиясы екі жылға жуық уақытқа жалғасады. Аппарат Марс бетіндегі температура мен планетадағы сейсмикалық белсенділік туралы мәліметтер жинайды. Сонымен бірге ғалымдарға планетаның астыңғы қабатының картасын жасауға көмектеседі.

InSight аппаратының Марсқа жақындап, оның бетіне қонған сәті NASA ресми сайтында тікелей трансляцияда көрсетіледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз