Үздік педагогтар пікірлерімен бөлісті

0
250
Абылай Саматов "Үздік педагог-2018"/ Kazaknews.kz @safahtay

Қарағанды қаласындағы “Білім-инновация” лицейінінің химия пәнінің ұстазы, “Үздік педагог-2018” Абылай Саматов оқушылардың қашан да зияткерлік қабілетін дамытуға баса мән беретінін, сол себептен олимпиадаларға жиі дайындап, олардың білімі мен танымын әлдеқайда жоғары деңгейде арттыруға әлеует барын айтады. Ұстаздың 7 жылдық еңбек өтілі бар. Бұған дейін еліміздің бірқатар өңірлерінде, атап айтсақ, Қостанайда, Астанадағы “Нұрорда” мектеп-лицейінде, соңғы 3 жылда Қарағандыдағы инновация лицейінде шәкірт тәрбиелеп жүргендігін атап өтті.

“Химия саласында жаңа бағдарлама яғни үш тілділікке байланысты кітап жазып жатырмыз. Үш тілділік бойынша мұғалімдерге көмек қолын созып, тіл курстарын екі жылдай жүргізіп келемін. Химия пәнінен практикалық жұмыстардың көп болуын талап етемін. Теорияны да мейлінше ұғындыруға тырысамын. Яғни жаратылыстану ғылымдары үшін теория мен практиканы тең ұстап, шәкіртке жеткізу өте маңызды деп білемін”, – дейді А. Саматов.

Айгүл Абдулдина, ШҚО дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры/Kazaknews.kz @asafahtay

Өз кезегінде, Шығыс Қазақстан облысы дарынды балаларға арналған мектеп-лицей интернатының директоры Айгүл Абдулдина   Kazaknews.kz тілшісіне берген сұхбаты барысында өзі басшылық ететін мектептің әлеуеті тұрғысында баяндады. А. Абдулдинаның сөзінше, республиканың әр аймағынан мектепте 340 оқушы білім алады. Мектеп оқушылардың таным-білігін арттыруда барынша жағдай жасап, бүгінде оқушылар түрлі деңгейдегі байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүр, дейді ұстаз. Үш тілділік бағдарламасына қатысты пікір білдірген педагог бағдарламаның сәл-пәл “асығыс” жүріп жатқандығын айтады. Жаратылыстану ғылымдарына бірден ағылшын тілінде өту ұстаздар қауымы үшін де, оқушылар үшін де қиынырақ дейді А. Абдулдина. “4 жыл бойы жаратылыстану ғылымдары бағыты бойынша Жоғары оқу орнына түскен жас маманды  ағылшын тілінде дайындаса. Одан кейін оқуын тәмамдаған жас маман іс-тәжірибеден өтіп, мектепке қабылданып, ағылшын тілінде сабақ берсе дұрыс болар еді”, – деген ұстаз  ұсынысын ортаға тастады.


Атап өтерлігі, 2 қазанда Астанадағы EXPO алаңында үздік педагогтар марапатталды. Марапат пен 2,4 миллион теңге көлеміндегі сыйақыны ұстаздар қауымына Сенат депутаты Дариға Назарбаева табыстады. Сенат депутаты өз сөзінде барша ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтап, алғыс білдірді.

 

 

Sabina Ahtay

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз