Қаржы министрі бюджет қаржысын толық игермеген мемлекеттік органдарды атады

0
69
Қазақстан қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. Photo: inform.kz

9 қыркүйектегі үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет ақшасын игермеген мемлекеттік органдар туралы мәлімдеді. 

Министрдің мәліметінше, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,5%, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,4% атқарылған.

Республикалық бюджеттің шығыстары 9 триллион 251 миллиард теңге болған.

“45 миллиард теңге атқарылмаған. Оның ішінде 17 миллиард теңге үнемделіп, 28 миллиард теңге игерілген жоқ”, – деді Жамаубаев үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, игерілмеген ірі сомалар цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Жоғарғы сот, қаржы, білім және ғылым министрліктеріне тиесілі.

Бюджет ақшасын игермеудің негізгі себептері:

  • конкурстық рәсімдер мен шарт жасасудың ұзаққа созылуы және уақытында өткізілмеуі;
  • орындалған жұмыс актілерін ұсынбау;
  • карантинге байланысты тауарларды жеткізбеу;
  • орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу және республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражаттың жеткіліксіздігі.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4,9 триллион теңге. 80 миллиард теңге атқарылмаған.

Жамаубаев биыл өңірлерге 2,3 триллион теңге нысаналы трансферт қарастырылғанын атап өтті.

Алдын ала мәлімет бойынша оларға 1 қыркүйекке 1,4 триллион теңге бөлінген. Қаражаттың 98%-і игерілген, 29 миллиард теңгесі атқарылмаған. Оның ішінде 7 миллиард теңге үнемделген, 22 миллиард теңге игерілмеген.

Ақшаны игермеген өңірлер – Қарағанды, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Ақмола облыстары.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз