Министр Дәленов сегіз айда Қазақстанның ЖІӨ 3 пайызға төмендегенін айтты

0
46
Қазақстанның ұлттық экономика министрі Руслан Даленов.

Осы жылдың қаңтар мен тамыз айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 3 пайызға төмендеді. Бұл туралы 9 қыркүйек күнгі үкімет отырысы кезінде ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов хабарлады.

“Жылдық инфляция көрсеткіші 7 пайызға дейін баяулады. Тауар өндірісі 1,7 пайызға көбейді. Қызмет көрсету көлемі 6,1 пайызға қысқарды. Нәтижесінде жедел мәлімет бойынша, ЖІӨ 3 пайызға азайды” деді Дәленов.

Оның сөзіне қарағанда сегіз айда құрылыс (6,5 пайыз өсім), ауыл шаруашылығы (4,9 пайыз өсім), өңдеу өнеркәсібінде (3,3 пайыз) өсім байқалған. Ал сауда – 10,5 пайыз, жылжымайтын мүлікпен байланысты операциялар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға қысқарған. Тау-кен өнеркәсібі 1,5 пайызға қысқарған.

Жергілікті іскерлік басылымдардың жазуынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2000 жылдан бері алғаш рет төмендеп отыр. Мысалы, 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1,2 пайызға дейін қысқарған. Пандемияның кесірінен елде әуе жолаушылар тасымалдау, қоғамдық тамақтану орындары, фитнес бизнесі айтарлықтай зардап шеккен.

Бұған дейін билік пандемияның экономикаға зардабын азайту мақсатында 700-ден астам кәсіпкерге салық жеңілдігі жасалып, төлемдерін кейінге шегеруге мүмкіндік берілді деген. Карантиннің кесірінен табыссыз қалғандарға 42 500 теңгеден (тамыз айында 21 500) әлеуметтік көмек берілген. Дегенмен кейбір сарапшылар бұл көмек мардымсыз деп санайды.

Дүниежүзілік банктің “Дағдарысты еңсеру” деп аталатын соңғы баяндамасына сәйкес, “Covid-19 пандемиясының экономикалық салдары Қазақстан экономикасына кейінгі жиырма жылдағы ең ірі соққы болып, қазірдің өзінде экономикалық өсімге кері әсер етіп жатыр”. Халықаралық ұйым пандемияның салдарынан елде тағы 800 мың адам кедейлікке ұшырауы мүмкін деп болжаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз