Қауіпсіз әлем – барша адамзаттың жаһандық міндеті, геосаясаттағы діни фактор, қазіргі заманғы діни лидерлердің құбылмалы геосаясаттағы рөлі, жаһандық процестер алдындағы діндердің рухани әлеуеті, экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы сындарлы өзара іс-қимыл тәжірибесі. Бүгінде жаһан үшін күн тәртібінде тұрған діндегі атаулы мәселелердің сындарлы жауабын табу үшін Астанада 10-11 қазанда әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері бас қосты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осымен алтыншы рет өткен әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі тегеурін мен шиеленіске толы уақытта діндегі өзекті жайттарды талқылаудағы бітімгершіл алаңға айналды.
Әлемнің 46 елінен 80 делегация өкілі қатысқан съезд жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасын, құбылмалы геосаясат жағдайындағы діндер жайын, дін және жаһандану: сын-қатерлер мен жауаптар, экстремизм мен терроризмді еңсерудегі діни лидерлер және саяси қайраткерлер ауқымындағы тақырыптарды қамтыды.
“Қазір болашақ адамзаттың кескіні қалыптасуда. Біз ғаламзатты келер ұрпаққа қай күйде қалдырып кетеміз – бұл өркениеттегі басты мәселе. Біз міне, 18 жыл бойы үшінші мыңжылдықта өмір сүрудеміз. Алайда, бейбітшілік, молшылық пен әл-ауқат адамзаттың дамуының басты өзегі бола алмады. Жаһан өзара түсінбестік пен кикілжіңнен арыла алмады. Елдер, геосаясат арасында шектеулер тұрғызылуда. Бірақ, ең қауіптісі адамдар арасында өзара кекшілдік бой көтеруде. Адамзат ынтымаққа емес, бәсекелестікке жол іздеуде. Халықтарды дамыту жобасы емес, бір-бірінің көзін жоюдың құралын іздеуде. Турасын айтқанда, бұл қате, терең құзға құлатар жол ” – Нұрсұлтан Назарбаев.
“Өтіп жатқан съездің өзегі болған қауіпсіз әлем құру барша жаһанның мәселесі. Бейбітшілік пен қауіпсіздік бізде жауапкершілік, үздіксіз жұмыс пен жетістік барын бағамдайтын екіге бөлуге келмейтін түсінікті білдіреді. Сербияда діндік және ұлыстық азшыл топтарға құрметпен қараймыз, олар елдің әл-ауқаты. Қазақстанда да дәл солай. Біз Қазақстан мен Сербия арасындағы жалғасын тапқан қарым-қатынас бейбіт әлемдегі шиеленіссіз діни ынтымақтастыққа үлесін қосады деген сенімдеміз. Осы сәтте біз барша діни көшбасшыларға өркениет пен мәдени мұраға сенімсіздік танытатындар тарапынан қауіпке ұшыраған Косоводағы православ шіркеуінің ғибадатханаларын қорғауға жәрдем етулерін сұраймыз ” – Сербия президенті Александр Вучич.
“Қандай да бір лаңкестік яки болмаса, теріс діни нанымды жалаулатып жүрген, астарында басқа теріс мақсатты содырлар мен басқа да ағымдарға бізде ешқандай жол берілмейді.Көзқарастар мен ұстанымдарда алшақтық болғанымен, жалаң мүдде адамзат пен тіршілікке кері әсерін тигізбеуі керек. Дін мен саясат бейбітшілікті, тұрақтылықты, тыныштықты, адамзат қоғамындағы тіршіліктің баянды әрі тату өмір сүруіндегі мақсаты жолға қойылғанда ғана тізе қоса алады” – Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өз жұмысын аяқтауда. Съездің жалпы және секциялық отырыстарында қауіпсіз әлемді нығайтуға және руханият, діни дәстүрлердің рөлін арттыруға бағытталған құнды бастамалар көтерілді. Осы сипаттағы қарым-қатынастар өз жалғасын табатынына және нығая түсетініне сенемін. Съездің түпкі мақсаты да осыны көздейді. Барлық конфессия өкілдерінің белсенділігі мен өзара іс-қимылдары қарқынын жоғалтпауы тиіс. Форум барысында ашық айтылған мазмұнды ой-пікірлер мен ұсыныстарды терең зерделеп, ой елегінен өткізу қажет. Осы съезде әлемнің жаңа бейнесіне қатысты ортақ көзқарас пен ортақ түсіністік бар екеніне көз жеткіздік» – Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VI съезінің қорытындысы бойынша құжат – декларация қабылданды.
«Ұрыс-жанжал мен үрейден қажыған миллиондаған адам бейбітшілікті, тұрақтылықты, тыныштықты қалайды. Халықтар шын мәнінде бітімгершілікке зәру екені анық. Бүгін осы залда отырғандін жетекшілері, белгілі саясаткерлер мен халықаралық ұйым басшылары өз мемлекеттері мен халқына алтыншы съездің қорытындысын жеткізеді деп үміттенемін. Сіздер декларацияның негізгі шешімдерін азаматтық қоғамның бүкіл әлемдегі институттары арқылы белсенді түрде насихаттайсыздар деп сенемін. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің декларациясын хатшылық дайындады. Оны сіздердің өкілдеріңіз, хатшылық мүшелері және жұмыс тобының мүшелері пысықтады. Одан кейін қорытынды құжат діни көшбасшылар кеңесінде мақұлданды. Осылайша, бүгін декларация қабылданды» – Қасым-Жомарт Тоқаев.
Safina Said