Каспий саммиті 2019 жылы Түрікменстанда өтеді

0
129

Ақтауда Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммиті өтті. Оған Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Бес мемлекет көшбасшыларының бәтуаластық және барлық тараптардың мүдделерін өзара есепке алу негізінде тұжырымдалған базалық халықаралық шартқа – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы жоғары деңгейдегі кездесудің басты оқиғасы болды. Осы негіз қалаушы құжат заманауи талаптарға сай келетін және жағалау маңындағы елдердің жан-жақты өзара іс-қимылын одан әрі қарқындатуға бағытталған Каспий теңізінің жаңа құқықтық режимін құрады.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны тиімді орындау және Каспийдегі ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілеріне шолу жасау мақсатында президенттер сыртқы істер министрліктерінің қамқорлығымен сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары/Каспий маңы мемлекеттерінің өкілетті өкілдері деңгейінде тұрақты бесжақты консультациялар тетігін құру және Конвенцияға қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірмей алғашқы консультациялар өткізу туралы шешім қабылдады. Бірінші кезектегі тәртіппен тікелей бастапқы желілерді белгілеу әдістемесіне қатысты келісім жобасын әзірлеуге және келісуге кірісу тапсырылды.

Бесінші Каспий саммитінде жағалау маңындағы мемлекеттердің өнеркәсіптік, сауда, энергетикалық, көліктік-логистикалық, инновациялық, туристік, ақпараттық және мүдделілік танытатын басқа да салалардағы өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға және дамытуға ықпал ететін Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге және Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою терең қанағаттанушылық сезіммен қабылданды. Осы келісімдерді іске асыру үшін Каспий маңы мемлекеттерінің құзыретті ведомстволарының кездесулері тұрақты негізде өткізілетін болады. Бес елдің кәсіпкерлері мен бизнес-құрылымдары арасындағы байланыстарды дамыту мақсатында 2019 жылы Түрікменстанда бірінші Каспий экономикалық форумын өткізу ұсынылды.

Мемлекет басшылары теңіз бен оның жағалау маңы аймағының елеулі мәдени және рекреациялық әлеуетін ескере отырып, Каспий өңірінде экономиканың туристік сегментін дамыту маңыздылығын атап өтті. Тиісті органдарға Каспийдегі туризм тақырыбы бойынша бесжақты консультациялар өткізу тапсырылды. Президенттер өңірлік деңгейдегі байланыстарды, мәдени алмасуларды, медиа-форумдарды, жастар слеттерін, спорттық жарыстарды және басқаларын қоса алғанда, Каспий маңы мемлекеттерінің әртүрлі форматтардағы ынтымақтастығын жандандыруға қолдау білдірді.

Президенттер Каспий теңізінің бейбітшілік, келісім, тату көршілік және тиімді халықаралық ынтымақтастық теңізі болып табылатындығын ерекше атап өтіп, барлық Каспий маңы мемлекеттерінің арасындағы дәстүрлі достық байланыстардың одан әрі нығаятынына және дамитынына сенім білдірді.

Бесінші Каспий саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және көрсеткен қонақжайлылығы үшін Қазақстан Республикасына ризашылық білдірілді.
Келесі Каспий саммиті келісілген мерзімде Түрікменстанда өтеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз