Бразилияның бұрынғы президенті Луис Инасиу Лула да Силва жемқорлық үшін 12 жылға сотталды. Өткен сенбіде экс-президент полицияға өз еркімен беріліп, елдің оңтүстігіндегі Куритиба қаласына ұшып кеткен. Аталған қалада құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұрынғы ел президентін арнайы камерасы жасақталған федералды полицияның жергілікті штаб-пәтеріне жеткізеді. БАҚ таратқан ақпарға сәйкес, камерада төсек-орын, үстел, орындықтар мен ванна бар.
Бұған дейін 6 сәуірде 72 жастағы саясаткер өзіне тағылған айып бойынша полицияға өз еркімен берілуден бас тартқан, қанша дегенмен, сот экс-президентті тұтқындауға сол сәтте ордер берген еді. Дегенмен, Лула да Силва қашуға еш әрекет жасамаған, кезінде өзі басқарған Сан-Паулудың шет аймағында орналасқан темір өндірісі қызметкерлерінің ғимаратында бой тасалаған. Кейіннен экс-президент өз еркімен құқық қорғау органдарына берілді.
Луис Инасиу Лула да Силва Бразилия президенті лауазымын 2003 жылдан 2010 жылға дейін атқарды. Бұрынғы басшы 2018 жылы өтетін президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынбақ болған (кандидатурасын ұсынғанда шамамен 36 пайыз дауыс жинап айқын көшбасшы болуы да ғажап емес еді). Лула да Силва құрған еңбеккерлердің Солшыл орталықтанған партиясы әлі де бұрынғы президентке қолдау көрсетуде.