Ресей және Мысыр екіжылдық үзілістен кейін тұрақты тікелей әуе рейстерін қалпына келтірді. Ресей мен Мысыр арасындағы әуе рейстерінің тоқтауына ресейлік әуе лайнерінің Синай түбінде апатқа ұшырауы себеп болған еді.
Euronews таратқан ақпарға сәйкес, әуе рейстерін қалпына келтіру бірінші кезекте туризм аясында жүзеге асырылып отыр. Дегенмен, қазір әуе рейстері тек Мәскеу мен Каир арасында ғана жүзеге асырылады. Хургаду және Шарм-эш-Шейх қалаларына, сондай-ақ Ресейдің бірқатар қалаларынан Мысырға ұшу бағыттарын қалпына келтіру мәселесі жаздың басында талқыға салынбақ.
2015 жылы Шарм-эш-Шейхтан Санкт-Петербургқа ұшып шыққан Ресей әуе компаниясына тиесілі «Когалымавиа» ұшағы Синай көгінде жарылып, 224 адам қаза тапқан еді.