Соңғы деректер бойынша Канаданың Торонто қаласында болған қайғылы жағдайдың құрбандар саны 9 адам, 16 адам ауыр жарақаттармен емханаларға жеткізілді.
Ақ микроавтобус қаланың адам көп шоғырланатын орталығының біріндегі бұрылыста жаяу жүргіншілерді басып кетіп, кейіннен оқиға орнынан ізін суытқан. Euronews таратқан ақпарға сәйкес, жергілікті полиция автокөлікті және оның иесін бірден анықтады.
Куәгерлердің сөзінше, ақ жүк көлігі жаяу жүргіншілер жолағына шығып кетіп, адамдарды қағып өте берген, жүк көлігін тізгіндеушінің бұл әрекетінен жолда кептеліс орын алған.
Сұмдық жайт орын алған ауданның атауы белгісіз. Торонтодағы полицейлер жайттың анық-қанығын білгеннен кейін, нақты ақпарат береді. Қазір аталған жайтқа қатысты түрлі нұсқалар қарастырылуда, лаңкестік әрекет болуы да ықтимал.
Зардап шеккен қазақстандықтар бар ма?
ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Ә.Жайнақовтың хабарлауынша, Канададағы Қазақстан дипломаттары жергілікті полицямен байланыс жасап, оқиға орнында зардап шеккен немесе қаза тапқан қазақстандықтардың бар-жоғын анықтауда. «Осы уақытқа дейін қазақстандықтар туралы мәлімет түскен жоқ», – деп жазады Жайнақов өзінің facebook парақшасында.