Әбдел Фаттах ас-Сиси екінші рет ресми түрде Мысыр президенті лауазымына кірісті. Президентті ұлықтау рәсімі 2 маусым Каирде өтті, деп жазады Deutche Welle басылымы.
Осы жылдың наурыз айында Мысырда өткен президент сайлауы нәтижесінде ас-Сиси 97 пайыз дауыс жинап, қайтадан президентікке сайланған еді. Ас-Сисиге жалғыз қарсылас болған саясаткер Мұса Мұстафа Мұса сайлаушылардың 3 пайыз дауысын еншіледі.
Мысырдағы сайлауға қатысуға тұрғындар аз келген, бар-жоғы 40 пайызды құрады. 2014 жылы өткен президент сайлауында бұрынғы Мысыр қарулы күштерінің қолбасшысы ас-Сиси дәл осы жылғыдай дауыс жинаған еді. Бұдан бір жыл бұрын ас-Сиси бастаған әскер Мысырдың алғашқы демократиялық жолмен сайланған президенті Мұхаммед Мүрсиді биліктен тайдырды.