Қазақстан мен Үндістанның тауар айналымы 1 миллиардқа жеткен

0
137
Ақорда

Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 53 пайызға артып, 1 миллиард долларға жеткен. Бұл туралы президент Н. Назарбаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ақорда

Қазақстан президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дәйекті дамып келе жатқанына тоқталып, Үндістан премьер-министрін елдерінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына толық құқылы мүше болуымен құттықтады. Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге байланысты Қазақстанның Үндістанды әуел бастан толық қолдағанын айтты.

Қазіргі уақытта елдеріміз арасында ғарыш, фармацевтика саласындағы, әскери-техникалық сектордағы және басқа да салалардағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді.  Бізге осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек,

деді Қазақстан президенті.  

Үндістан премьер-министрі Үндістан өкілінің БҰҰ Халықаралық сотының құрамына сайлануына қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы көп жақты ынтымақтастықтың табысты дамып, нығайып келе жатқанына тоқталды.  

Сізді Қазақстанның елордасы – Астана қаласының 20 жылдығымен құттықтаймын және «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына байланысты ізгі ниетімді білдіремін,

– деді Үндістан премьер-министрі.

Кездесу соңында Нарендра Моди Қазақстанның Үндістан үшін Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналатынына тоқталып, Үндістанның «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, Үндістан премьер-министрі Қазақстанның Халықаралық Күн альянсына қосылуына өтініш білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз