БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі және ядролық қарудан азат әлемді құруды қолдайтын мемлекет ретінде Қазақстан мүдделі мемлекеттердің келіссөз процесін жалғастыру жөніндегі күштерін қолдайды және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздануы бойынша нақты өзара тиімді және қолайлы жағдайларды жасауға үміттенеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің 2018 жылғы 12 маусымдағы Сингапур қаласындағы саммит қорытындылары бойынша мәлімдемесінде хабарланады.
«Бұл тұрғыда Астана Пхеньянның ядролық қаруды жоюға деген ұмтылысын жоғары бағалайды және әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартып, ең ірі ядролық сынақ орындарының бірін жапқан сондай-ақ ЯҚТШ және ЯСЖТШ аясында белсенді жұмысы арқылы жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға елеулі үлес қосқан Қазақстанның жолын таңдауға шақырады », – деп жазады СІМ өзінің ресми парақшасында.
СІМ АҚШ президенті Дональд Трамп пен Корей Халық Демократиялық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Төрағасы Ким Чен Ынның 2018 жылғы 12 маусымда өткен кездесуін «тарихи оқиға» деп бағалады.
12 маусым Сингапурда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның көптен күткен кездесуі өтті. Қос мемлекет басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.
Сафина Саид