Германия билігі Генуя қаласындағы қайғылы оқиғадан кейін көпірлерді жаппай тексеріп жатыр. Себебі, нысандардың көбі ескіріп, жіті тексеруді қажет етеді. Оның үстіне көпір үстімен ағылған көліктердің санында есеп жоқ.
Еске сала кетейік, сейсенбі күні Италияның Генуя қаласындағы көпір құлап 39 адам қаза тапты. Тағы 20-ға жуық кісі жоғалып, табылмай жатыр. Италия Көлік және инфрақұрылым министрі апатқа көпірді жөндеу жұмыстарының тиісті дәрежеде жүзеге аспауы себеп деді.
Марко Шмидт, Оңтүстік Гессен өңірінің құрылыстарын тексеру тобының басшысы:
– Кезінде бұл көпірлер күніне 20-25 мың көлік өтеді деп есептеліп салынған. Және де ол кезде көліктердің салмағы жеңілірек болған. Бірақ қазіргі жағдай мүлде басқа. Көлік қозғалысы 3-4 есе көп, ал жүк көліктерінің салмақтары да едәуір ауырлай түскен. Сондықтан көпірлерге түсетін күштің еселенгені анық.