22 тамызда Павлодар және Екібастұз қалаларына жаңа әкімдер тағайындалды.
Павлодар қаласына әкім болып Әнуар Күмпекеев тағайындалды.
Pavlodarnews.kz таратқан ақпарға сәйкес, жаңа әкімді қала активіне облыс басшысы Болат Бақауов таныстырды.
Әнуар Күмпекеев 1984 жылы дүниеге келген. 2005 жылы Мәскеудегі Михаил Ломоносов атындағы мемлекеттік университетті экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. 2007 жылы Ұлыбританияның Бредфор университетінде экономика саласы бойынша магистратураны аяқтады. 2016 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін аяқтаған, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Әнуар Күмпекеев еңбек жолын 2005 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қаржы және экономика департаментінде жетекші маман болып бастаған. 2007-2008 жылдары Астана қаласындағы «ҚР Ұлттық биотехнология орталығы» РМК маркетинг және коммерциялау департаментінің директоры, стратегиялық даму департаментінің директоры міндеттерін атқарды. 2008-2009 жылдары Астана қаласының коммерциялық саласында басқарушы лауазымда болған. 2012-2015 жылдары Степногорск қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2015 жылдың мамыр айынан бастап, осы күнге дейін Степногорск қаласының әкімі болды.
Екібастұз қаласының әкімі болып Нұржан Әшімбетов тағайындалды. Н. Әшімбетовтың кандидатурасы Президент Әкімшілігінің сондай-ақ, қалалық мәслихат депуттарының мақұлдауымен бекітілген. Қала активіне жаңа әкімді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов таныстырды.
Нұржан Әшімбетов 1969 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданы Черное ауылында дүниеге келген. Зооинженер мамандығы бойынша Алматы зооветеринарлық институтын, есепші-экономист мамандығы бойынша Алматы экономика және статистика институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Мемлекеттік мүлік жөніндегі Павлодар аумақтық комитетінің маманы болып бастап, кейін халықаралық даму жөніндегі америкалық агенттігіне қарасты «Карана» корпорациясының кеңесшісі қызметін атқарды.
1997-1999 жылдары – Лебяжі ауданындағы өндірістік кооператив төрағасы, агрофирма директоры;
1999-2008 жылдар аралығында – Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары, Лебяжі ауданының әкімі, Павлодар облысы ауыл шаруашылық басқармасының бастығы;
2008-2009 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы;
2009-2012 жылдары Петропавл қаласының әкімі;
2012-2016 жылдары Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары;
2016 жылғы 13 сәуірден бастап Павлодар қаласының әкімі қызметін атқарды.