Алматы облысында осыдан бір ай бұрын жоғалып кеткен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 69 жастағы профессоры Ағыбай Смағұловтың мәйіті табылды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.
Ұстаздықтан өзге Смағұлов жеке шаруашылықпен де айналысқан. 17 тамызда профессор үйінен шығып, қала сыртындағы кентке жеке шаруаларымен жол тартқан. Осыдан кейін Смағұловты ешкім көрмеген. Туған-туыстары профессорды бірнеше күн бойы іздеп, байланыс жасай алмағаннан кейін полицияға хабарласқан.
Іздеу жұмыстары бір ай бойы жүргізілді. Тәртіп қорғау қызметкерлері жергілікті тұрғынның бірінен ақпар сұраған. Ер адам жауап беру барысында ойынан шатасып, күдік тудырған. Соңында Смағұловты өлтіргенін мойындаған. Расталмаған ақпарға сәйкес, екеуі сөзге келіп қалған. Ашуға булыққан күйі күдікті профессорды буындырып өлтірген. Кикілжіңнің себебі әзірге айқын емес.
2017 жылдың қыркүйегінде Ағыбай Смағұловты бір топ студенттер соққыға жығып, тонап кеткен. Түннің бір уағында бір топ студент профессордың үйіне ұрланып кіріп, соққыға жығып, 23 миллион теңгесін қолды еткен. Кейін белгілі болғандай Смағұловтың тоғыз қабырғасы сынған, көп жарақат алған. Студенттер сот алдында жауапқа тартылды.
Safina Said