Сыртқы істер министрлігі қазақ диаспорасының мүдделерін қадағалайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді деп хабарлайды tengrinews.kz.
«Біз Қытайда, атап айтқанда Синьцзян-Ұйғыр автономиялық округінде қазақтардың ресми құжаттарын алуға, шекараны кесіп өтіп, сапарға шығуға мүмкіндік беретін төлқұжаттарды алуда қиындықтар туындағанын білдік. Қытайдағы мемлекеттік қызметтегі адамдар төлқұжат түрінде құжаттарды алуда қиындықтарға тап болады. Барлық осы мәселелерді біз қытайлық әріптестерімізбен мұқият зерттеп, талдап, талқылап отырамыз. Біздің Сыртқы істер министрлігіне ресми түрде жүгінгендерді назардан тыс қалдырмаймыз», – деп мәлімдеді Қ. Әбдірахманов.
Оның айтуынша, ведомстваға шет елдегі қазақ диаспорасының мәселелерін шешуді тікелей Мемлекет басшысы жүктегенін мәлімдеді.
«Шетелдегі қазақ диаспорасының мүдделері әрқашан біздің сыртқы саяси қызметіміздің назарында. Құқық бұзушылықтар туралы кез келген ақпарат алсақ, біз аталған мәселелерді қытайлық тарап алдында көтереміз. Бізде ҚХР-мен ресми үкіметаралық деңгейде өте қарқынды диалог бар», – деп мәлімдеді Қ. Әбдірахманов журналистерге қайырған жауабында.
Сабина Сайлаубай