“Жоғары білім саласында университеттерге академиялық еркіндік пен дербестік берілген, тиісінше жауапкершілік те артты. Енді, жоғары оқу орындары алдына өз түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде мәселе қою керек. Егер түлектері жұмыс таппаса, онда оқу орны өзінің міндетін атқармай отыр деген сөз”, – деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 21 қараша білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнінде өткізген кеңес барысында.
Сөз барысында Н. Назарбаев халыққа тегін техникалық және кәсіптік білім беруді қамтамасыз ету жөніндегі жобаны жүзеге асыру барысына тоқталды.
Былтырдан бастап барлық азаматтар үшін тегін техникалық және кәсіптік білім беру жобасы жүзеге асырылуда. Біздің міндетіміз – алғашқы жұмысшы мамандығына баулу. Сонымен қатар, бұл мамандықтар экономикада сұранысқа ие болуға тиіс. Техникалық және кәсіптік білім беру ісінде студенттердің 12 пайызы ғана дуальды біліммен қамтылған. Колледждерді материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз ету проблемасы толық шешімін таппай отыр, – деді мемлекет басшысы.рбаев
Н. Назарбаев 2022 жылдың аяғына дейін кем дегенде 75 мың орынға арналған студенттік жатақхана салу жөніндегі тапсырманың уақтылы орындалуы маңызды екенін атап өтті.
Білім берудің сапасы мен қол жетімділігін арттыру үшін мемлекет тарапынан қабылданған шаралар жөнінде халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Қазақстандықтар қолға алынып жатқан бастамалардың мәнін түсініп, оған атсалысу үшін халықпен тиімді тығыз байланысты ұдайы ұстану қажет. Мемлекеттің барлық бастамалары халқымыздың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған. Жұрттың сапалы білім алып, сұранысқа ие мамандығы мен лайықты жұмысы болғанда ғана әл-ауқатымыз артады, – деді Қазақстан президенті.