Н. Назарбаев Үкіметке қандай тапсырма міндеттеді

0
51
дереккөзден

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 3 жылда елдегі барлық 55 мың тәрбиешінің біліктілігін арттыруды міндеттеді. Бұл туралы мемлекет басшысы 21 қарашада Ақордада білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнінде өткізген кеңесі барысында айтты, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Жиында Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев білім саласын биылғы Жолдау бағыттарына сай жетілдіру жөнінде баяндама жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев министрдің мәліметін назарға алып, отандық білім беру жүйесіндегі бірқатар проблемаларға және шешімін табуға тиіс міндеттерге тоқталды.

Балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту керек. Бұл мәселемен Үкімет те, әкімдіктер де айналысуы қажет. Сондықтан Үкіметке 3 жылда еліміздегі барлық 55 мың тәрбиешінің біліктілігін арттыруды тапсырамын, – деді Н. Назарбаев.

“Оқушылар мен ата-аналарды артық оқу жүктемесінен босату керек”

Бұдан бөлек, Қазақстан президенті орта білім беру ісін жаңартылған мазмұнға көшіруді 2021 жылға қарай аяқтауды тапсырды. Осыған байланысты зияткерлік мектептердің тәжірибесіне сүйеніп, жаңа бағдарламалар, сапалы оқулықтар, сондай-ақ, кадрлар даярлау жүйесін енгізу қажеттігі атап өтілді.

Оқушылар мен ата-аналарды артық оқу жүктемесінен босату керек. Жергілікті жерлердегі орта білім берудің проблемаларын сапалы түрде шешу мәселесіне бүкіл өңірлердегі әкімдердің назарын ерекше аударғым келеді. Әкімдіктер оқушылардың дамуы мен білім алуы үшін мектеп асханаларындағы сапалы тамақтан бастап балалардың мектепке қатынауына дейін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауы қажет. Әрбір баланың біліміне жұмсаған күш-жігеріміз – еліміздің жарқын болашағына салған инвестиция, – деді мемлекет басшысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз