Астанада “Алтын тобылғы” республикалық әдебиет байқауының қорытындысы жарияланды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен байқау осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Байқауға 18-35 жас аралығындағы қаламды серік еткен жас жазушылар мен ақындар қатысты, деп хабарлайды “Қазақпарат”.
Жүлде “Жылдың үздік прозасы”, “Жылдың үздік поэзиясы”, “Жылдың үздік драматургиясы”, “Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы” аталымдары бойынша бекітілді. Әр аталым бойынша сыйақы құны – 1 миилион теңге. Сонымен қатар байқау Астананың мерейтойына арналған «Астананың 20 жылдығы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» арнайы аталыммен толықты. Аталған аталымның да жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайды. Сонымен, байқау қорытындысы төмендегідей.
«Жылдың үздік прозасы» аталымында «Адасқандар» шығармасымен Айзат Рақышева үздік шықты. «Жылдың үздік поэзиясы» аталымы бойынша Қайсар Қауымбек («Күңіренбе, молалар») және Айбол Исламғалиев («Жалғыздық картинасы») қатар жеңімпаз атанды. «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Алина Гатина топ жарса, «Астананың 20 жылдығы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» аталымының иегері болып Шерхан Талап («Астана бояулары») танылды. Биыл «Жылдың үздік драматургиясы» аталымы бойынша ұсынылған жұмыстардың қойылған талаптарға сай келмеуіне байланысты, жеңімпаз анықталған жоқ. Сондай-ақ «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша Тұрсынбек Башаровқа («Чириме») және «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Ақан Марғұланға («Жетіқарақшы») көтермелеу сыйақысы ретінде 500 мың теңгеден берілді.