Global Finance журналы қауіпсіздік бойынша рейтинг жариялады. Рейтинг әскери кикілжіңдердің орын алу ықтималдығы, экономикалық даму деңгейі және халыққа төнетін қауіп, табиғи апаттардың болу ықтималдығы бойынша құрастырылған.
Рейтинг нәтижесі бойынша ең қауіпсіз мемлекет – Исландия (6.16), Швейцария (7.01) мен Финляндия (7.04) сәйкесінше екінші, үшінші қатарға табан тіреді.
Қауіпсіз мемлекеттер ондығына сондай-ақ Португалия (7.07), Австрия (7.08), Норвегия (7.27), Катар (7.28), Сингапур (7.34), Дания (7.41) және Жаңа Зеландия (7.42) енді.
Қазақстан қауіпсіздік тұрғысында Жапониядан кейін (9.49) 128 мемлекеттің ішінен 44-ші орынды иеленді (9.50). Қазақстаннан кейін қатарда Марокко тұр (9.53).
АҚШ жоғары қылмыстық көрсеткіш және табиғи апаттар ықтималдығы салдарынан рейтингте 65-ші қатардан көрінді.
Армения 62-ші орынға шықса (10.25), Қырғызстан 89-шы орында (11.43), Ресей – 108 (12.49), Украина (13,91) – 116-шы орында.
118-ші орынды Венесуэла иеленді (13.98).
Қауіпсіздігі ең төмен мемлекеттерге Йемен, Гватемала және Филиппин кірді.