«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ауруханалар мен емханалар қызметін бағалауға арналған мобильді қосымша әзірлеп шықты.
Медициналық қызметтерді пайдаланушылар осы қосымшаның көмегімен МСҚ дерекқорына енген барлық емдеу ұйымдары туралы пікір білдіріп, шағым жаза алады. Болашақта осы тілек-шағымдар негізінде клиникалардың рейтингі жасалуы тиіс. Аталған шара азаматтардың ең үздік деген клиникалар мен емханаларды таңдауына мүмкіндік бермек.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиева «Аталған қосымша бір мезетте бірнеше мәселені шешуге көмектеседі. Біріншіден, азаматтармен жедел түрде кері байланыс орнатудың тағы бір каналы ашылады. Бұл емделушілер үшін клиника таңдау мәселесін едәуір жеңілдетері сөзсіз. Екіншіден, Қор серіктес-ұйымдардағы қызмет көрсету сапасы мен пациенттердің қанағаттану деңгейі жайлы қосымша мәлімет алып отырады», – дейді.
«Қосымшаны пайдалану үшін алдымен ЖСН енгізіп, авторизация жасау қажет. Болашақта біз оны жаңа функциялармен және сервис түрлерімен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Қосымшаны сынақтан өткізіп, ұсыныстар мен тілектеріңізді жолдаңыздар. Біз азаматтардың пікірлерін ескеруге дайынбыз», – дейді Қордың IT стратегия және тәуекелдерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Абай Дүйсенев.
«Халықтық бақылау» қосымшасын Playmarket немесе AppStore арқылы жүктеп алуға болады.
Жадыра Аманбайқызы