28 наурыз күні Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Сарықұдық ауылында мектептің төбесі құлап түсті. Бұл туралы БҚО Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Департамент таратқан мәліметке қарағанда, оқиға кеше сағат 20.40-та болған. Бір қабатты ғимаратта информатика кабинеті мен спорт залының төбесі ішінара опырылып түскен. Аумағы 60 шаршы метрді құрады. Көктемгі демалыс уақыты болғандықтан, ғимаратта оқушылар болмаған. Зардап шеккендер жоқ.
1977 жылы салынған мектептің жалпы аумағы – 624 шаршы метр. Ғимарат 2015 жылы апатты жағдайда деп танылған. Аудан әкімдігінің деректері бойынша, мектептің орнына жаңасын салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, ол сараптамадан өтіп те қойған.
Облыстық ТЖ департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев бүгінгі брифингте мәлім еткеніндей, биыл өңірде қардың көптігінен барлығы 29 ғимараттың шатырына нұқсан келді. Олардың барлығы салынғанына 40-50 жыл болған ескі үйлер.