Қызылорда облысында әскери ведомство басшысы генерал-майор Н. Ермекбаев және Қарулы Күштердің жеке құрамы тікұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқан әскери қызметкерлерді соңғы сапарға шығарып салды.Бұл туралы қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Әскери қызметкерлердің туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтып, қорғаныс ведомствосының басшысы «әскери қызметкерлердің қаза болуы – бұл отбасы үшін ғана емес, сонымен бірге Қазақстан армиясы үшін орны толмас қайғы-қасірет», – екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев, ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстанның Қарулы Күштері барлық әлеуметтік кепілдемелерді қамтамасыз етеді және қаза болған әскери қызметкерлердің туысқандары мен жақындарына қажетті психологиялық, материалдық және заң бойынша барлық тиесілі әлеуметтік кепілдемелер мен төлемдердің іске асырылуына көмек көрсетеді.
Митингке Қарулы Күштердің басшылық құрамы мен генералитеті, Қызылорда облысы әкімдігінің өкілдері, әскери бөлімдер мен мекемелердің командирлері қатысты. Қорғаныс министрі қолдау білдіру бір реттік көмекпен шектелмейтінін атап өтті. Ол гарнизондардың бастықтарына қаза болғандардың отбасыларына шефтілікті ұйымдастыруды, оның ішінде, олардың балаларына тәрбие беруге, білім алуға, жұмысқа орналастыруға және жан-жақты демеу болуға белсене атсалысуды тапсырды. Қаза болғандарға мемориал орнату жоспарлануда.
Қоштасу рәсімі аяқталған соң әскери қызметкерлердің мәйіттері әскери-көлік авиациясы арқылы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штабының бастығы генерал-лейтенант М. Майкеев, Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор М. Алтынбаев, Бас штабы бастығының орынбасарлары генерал-майор А. Алдабергенов, вице-адмирал Ж. Жанзақов, генерал-майор М. Таласов, Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Н. Кәрбенов, Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Д. Қосановтың ілесіп жүруімен жерлеу орындарына жеткізілді. Әуе қорғанысы күштері мен жергілікті әскери басқару органдарының қолбасшылығына әскери жөн-жоралғыны сақтай отырып, қаза болғандарды жерлеуді қамтамасыз ету тапсырылды.