6 сәуір күні Стамбулда Turkish Airlines ұлттық әуе компаниясының жаңа әуежайға көшуіне байланысты Ататүрік халықаралық әуежайы рейс қабылдауды тоқтатты.
Ол жолаушылар саны жағынан Еуропадағы ең ірі әуежайлардың бірі болып келген.
Turkish Airlines ұлттық әуе компаниясы Стамбулдың еуропалық бөлігінде орналасқан жаңа әуежайға жұма, 5 сәуірде көше бастаған. Жаңа орынға көшу кезінде Ататүрік әуежайынан 700 жүк көлігі 50 мың тонна жабдықты тасыған. Дәл сол жаққа Turkish Airlines компаниясының шамамен 300 ұшағы жеткізілген. Жаңа орынға көшуге байланысты екі әуежай да 12 сағатқа жабылған, ал сенбі, 6 сәуірде жаңа халықаралық әуежай жұмысын қайта бастаған.
Стамбулдың жаңа әуежайы Мұстафа Кемал Ататүрік негізін қалады деп айтылатын Түркия Республикасына 95 жыл толуын атап өту күні яғни, 2018 жылы 29 қазанда ашылды. Алайда жаңа әуежайға оның есімі берілмеді. Ол Стамбул халықаралық әуежайы деп аталмақ. Әуежай құрылысына 11 миллиард доллар жұмсалған.
Түркия билігі жаңа әуежай жолаушылар саны жағынан әлемдегі ірі әуежай болады деп үміттенеді. Ол жылына 150 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады. 2028 жылға қарай жолаушылар саны жылына 200 миллионға жетіп, әуежай алаңында алты ұшып-қону жолағы пайда болады деп жоспарланып отыр.