Қажылыққа баратындар міндетті түрде менингококк инфекциясына қарсы вакцинациядан өтуі қажет

0
116
Сурет: Aleman Groups USA

Осы жылдан бастап қажылыққа баратындар міндетті түрде менингококк инфекциясына қарсы вакцинациядан өтуі қажет. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл сайын қажылыққа әлемнің 160 елінен 2 миллионға жуық адам қатысады. Оның ішінде 3-4 мың адам – Қазақстаннан барады.

Осы жылы қажылыққа бару тамыз айында басталып 20 тамызға дейін жалғасады. Барлығы 3200 адамның қажылыққа баруы жоспарланып отыр.

Сауд Арабиясы коронавирустық инфекция, менингококк инфекциясы бойынша қолайсыз ел. 2018 жылы менингококк инфекциясымен сырқаттанудың өсуі байқалған, ол Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Сол кезеңде менингокк инфекциясының 96 расталған жағдайы тіркеліп, оның 15-і өліммен аяқталған. Инфекцияның өршу себебі тұрғындардың медициналық көмекке кеш жүгінуі, өзін-өзі емдеуі болды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін әлемде таяу шығыс респираторлық синдромының коронавирусымен сырқаттанудың 2103 зертханалық расталған жағдайы тіркелген. Оның ішінде 730-ы өлімнің 80 пайыздан көбі Сауд Арабиясында.

2000 жылдары қажылық кезінде менингококк инфекциясының өршуіне байланысты Сауд Арабиясы Корольдігінің Денсаулық сақтау министрлігінің адамдардың қажылыққа дайындалу мәселесіне қоятын маңызды талабы – ол дәрігердің қорытындысы бар медициналық тексеру және міндетті түрде менингококк инфекциясына қарсы вакцина жасау. Менингококк инфекциясына қарсы вакцинация еліміздің 8 өңірінде (Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында) жүргізіледі. Бүгінде қажылыққа баратын адамдарға егілетін вакцина өңірлерге жеткізілуде. Оны 15 мамырдан бастап алуға болады (вакцинаның 1985 дозасы). Сондай-ақ маусымның бірінші жартысында менингококк инфекциясына қарсы тағы да вакцинаның 6000 дозасы қосымша жеткізілетін болады.

Қажылық кезінде адамдар көп жиналатын орындарда болған кезде жеке профилактика шараларын есте сақтау керек:

– қолды сабынмен жиі жуу, дезинфекциялайтын майлық пайдалану;

– жөтелген және түшкірген кезде майлық пайдалану;

– ауырған адамдармен байланысқа түспеу және олардың жеке заттарын пайдаланбау; – адамдар көп жиналатын жерлерде мүмкіндігінше бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;

– түйелер көп жиналатын жерлерге жақындамау және олармен тікелей байланысқа түсуді болдырмау;

– қайнатылмаған және пастерленбеген түйе сүтін пайдаланбау, сондай-ақ ұйымдастырылмаған сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмау;

– сырқаттанудың кез келген белгісі пайда болған кезде дәрігерге бару;

– сапардан қайтып келгенде және аурудың кез келген симптомы (қалтырау, температураның көтерілуі, сырқаттану, тамақтың ауыруы және басқасы) пайда болса, дәрігерге қажылыққа барғанын айтып, тез арада медициналық ұйымға бару қажет.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз