Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 23 мамырда Қорғаныс министрлігі алқасының кеңейтілген отырысына қатысты. Ақорда таратқан ақпарға сәйкес отырыс барысында мемлекет басшысы жауынгерлік дайындықтың деңгейін көтеру мен шұғыл әрекет ету, әскери білім беру жүйесін жетілдіру мәселелеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, оқу-жаттығу бағдарламалары түрлі жағдайларды, ұрыс жүргізудің заманауи формалары мен әдістерін, қару-жарақ пен техниканың жаңа түрлерін үйретіп, қолдануы тиіс.
– Мамандарды даярлау және әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде болашақ әскери инженерлерді, ІТ мамандарын, роботты техникаларды, жасанды интеллект бойынша мамандарды тәрбиелеп шығару керек. Олар «SMART» деп аталатын буын. «Жас сарбаз» қозғалысының базасында, әсіресе физика-математика бойынша тереңдете оқытылатын мектептерде «SMART-SARBAZ» үйірмелерін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы келесі аптаға жоспарланған бітімгерлік жөнінде өтетін форум, алдағы уақытта Қазақстанның белсенді бітімгер-мемлекет ретіндегі мәртебесін арттырып, бұл бағыттағы әлеуетіне тың серпін беретінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан жаяу әскерлерді ғана жібермей, БҰҰ бітімгерлік миссиясына аса қажетті инженер-сапер, барлаушы, дәрігерлер құрамы және басқа да бөлімшелерді жіберу арқылы көкжиегін кеңейтуі қажет.
Отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери тәртіп пен әскерилердің рухын күшейту, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету деңгейін көтеру қажеттігін атап өтті.
– 2017-2018 жылдары әскерилердің жалақылары өсіп, сыныптық қосымшалар төлене бастады. Жуырда әскери ұшқыштардың жалақылары екі есе артты. Жаңа жүйе бойынша әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Бұл кесте жалпы алғанда озық болғанмен, тұрғын үй төлемінде ауытқушылықтар бар. Гарнизондардың тұрғын үй қорын жаңарту қажет. Мәселені қордаландырмай шұғыл шешу керек. Сонда ғана әскери қызметтің және әскерилердің әлеуметтік мәртебесін көтереміз, – деді Қазақстан Президенті.
Жоғарғы Бас қолбасшы іс-шарадан соң Қорғаныс министрлігінің стратегиялық басқару орталығының жұмысымен танысты.