30 мамыр кешкісін Тараз қаласында көпқабатты үйдің төбесі өртеніп, 171 адам эвакуацияланды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай комитеті хабарлады.
Эвакуацияланғандардың 45-і бала, өрттен 20 адам құтқарылған. Комитеттің мәлімдеуінше, өрт кешкі 19.38-де басталған. Өрт сөндірушілер жалынды 22.10-да өшірді. Өрт 1200 шаршы метр аумақты шарпыған. Ешкім зардап шекпеген.
Өртті Жамбыл облысы төтенше жағдай департаментінің 17 техникасы мен 62 өрт сөндірушісі өшірген.
Аймақ басшыларының айтуынша, арнайы комиссия құрылып толық зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Өртенген үй 2014 жылы жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен.