23 қазанда Қызылорда облысында ҰҚК қызметкерлері 240 килограммнан астам радиоактивті уран концентратын өткізбек болған қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
“Арнайы операция нәтижесінде радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен және ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеу Қылмыстық Кодексінің 283 – бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық топтың төрт мүшесі ұсталды”, – делінген хабарламада.
Уран шикізаты ванадий кен орнын игеру кәсіпорындардың бірінде ұрланған.
Ядролық физика институты мамандарының қорытындысына сәйкес, алынған уран концентраты қауіпті радиоактивті зат. Оның радиация деңгейі рұқсат етілген нормадан бірнеше есе көп. Сонымен қатар, қоршаған орта мен халық денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.