“Ұлттық тестілеу орталығының” директоры Рамазан Әлімқұлов пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен “Ұлттық тестілеу орталығының” директоры Рамазан Әлімқұловқа қатысты жүргізілген сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
Экс-директор қонақ үй қызметін көрсету бойынша шарттарды бұзбағаны, орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойғаны, жүгенсіздікке жол бергені және жалпы қамқорлығы үшін 5 миллион теңге сомасында пара алды деген күдікке іліккен.
22 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әлімқұловтың кінәсі дәлелденді. Судья 3,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырылды.
Еске сала кетсек, мамыр айында «Ұлттық тестілеу орталығының» бұрынғы және қазіргі директорлары сыбайлас жемқорлық күдігіне ілінген болатын.