Ресей президенті Владимир Путин және Украина президенті Владимир Зеленский жыл соңына дейін Украина шығысында атысты тоқтату режимін толық жүзеге асыруға келісті.
9 желтоқсанда Парижде өткен “норман төрттігі” саммитінен кейін таратылған ортақ мәлімдемеде осылай деп айтылады.
“Тараптар жыл соңына дейін атысты тоқтату туралы келісімді толық және жан-жақты жүзеге асыру міндетін мойнына алады, атысты тоқтату үшін қажет барлық шараларды жүзеге асырады” делінген мәлімдемеде.
Бұған қоса, Украина мен Ресей жыл соңына дейін “бәріне бәрі” формуласы бойынша тұтқын алмасуға келісті. “Тұтқын алмасуға дайындалу үшін ең әуелі ауыстырылатын адамдардың тізімін жасау керек” деді Владимир Зеленский. Кездесуде сонымен бірге “Қызыл Крест” ұйымының ұсталған азаматтарға кіруіне кедергі жасалмауы тиіс екені айтылды.
Саммитте бұған қоса, Донбаста тағы үш жаңа ауданда әскер тарату орны белгіленуі тиіс екені айтылды. Тараптар ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аумақ пен Украинаның қалған бөлігі арасында жаңа өткізу пунктер ашылуы қажет деді.
Азаттық сайтының хабарлауынша, төрт мемлекет басшысы сепаратистер бақылауындағы аумақта жергілікті сайлау өткізу мәселесін төрт айдан кейін қайта талқылауға келісті.
Бұл – Украина мен Ресей басшыларының 2016 жылдан бергі алғашқы кездесуі. Биыл мамыр айында ресми түрде президент қызметіне кіріскен Зеленский Путинмен бірінші рет кездесті.
Мәскеу Украинаның шығысындағы сепаратист құрылымдар мен Киев әскери күштерінің қақтығысына тікелей қатысы бар екенін жоққа шығарып келеді. Алайда, Ресейдің сепаратистерге әскери, экономикалық және саяси қолдау көрсетіп келгені және әскери қақтығысқа Ресей күштерінің тікелей қатысы бар екені жайлы дәлелдер жиі келтіріледі.
Шілде айында Еуропа Одағы мен Украина ортақ мәлімдеме жасап, 2014 жылдың ақпан айынан бері Ресей әскері Украинаға “агрессия” көрсетіп келеді деп айтқан. Ресей Донбастағы қақтығысқа қатысы жоғын айтады.
“Норман төрттігі” саммиті – Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Украина, Ресей, Франция және Германия жетекшілері мен сыртқы істер министрлігінің кездесу форматы.