Сыңдарлы ғұмыр

0
177
дереккөзден

Бүгін Қазақстан халқы үшін орны ерек мереке Тұңғыш президент күні. Атаулы мереке 2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламент Сенатының отырысында мақұлданып,бүгінде барша республикада сән-салтанатымен тойланып келеді. Бүгінгі ерекше мерекеге орай Kazaknews.kz сайты оқырмандарға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыңдарлы ғұмыры туралы бірқатар естеліктер жиынын және елбасы айтқан Тұңғыш президент кітапханасы жариялаған дәйек сөздерін ұсынады.

“Менің бақытты болуыма осы бір қазақ азаматы көмектесті”

                         Николай Литошка. Елбасының 1958 жылдан бергі досы:

“Өз тағдырыма ризамын. Әуелі Нұрсұлтан досыма тәнтімін. Менің бақытты болуыма осы бір қазақ азаматы көмектесті. Егерде ол болмағанда… Әрине, көптің бірі боп жүре берер ме едім? Оның біздің отбасымыздың бір мүшесі боп кеткендігін өз ауызынан естідіңіздер ғой. Анам марқұм оны өз ұлындай жақсы көретін. Оған шексіз көңілмен сенетін. Маған: «Осы досыңды ренжітпе. Ол саған пана болады», — деп жиі ескертетін. Мен бұл сөзге мән бермейтінмін. Алыстан мамандық үйрену үшін ат арылтып жеткен қазақ жігітінің келешекте маған қалай жанашыр болатынына миым жетпейтін. Ол екеумізді спорт достастырды. Бірақ, мен оны балуан ретінде бағалаппын да, өнерлі жан екендігін білмеппін. Сенесіз бе, Нұрсұлтан Әбішұлы училищеде оқып жүргенінде украиндықтарға қазақтың әнін тыңдатты. Өнерін көрсетті. Жастар арасындағы концерт өз алдында, ол Днепродзержинск теледидары арқылы қазақ жастарының ішінен өнерпаздарын таңдап, жергілікті халыққа ләззат сыйлаттырды. Мен сол кезде домбыра дегенді бірінші рет көрдім. Нұрсұлтанның әншілігіне куә болдым. Мен ғана емес, менің жерлестерім оның өз ұлты үшін, өз халқы үшін жаратылғандығын сезіндік. Оның басқа жетістіктерін тізбелемегеннің өзінде, Астананы тұрғызғандығын ерлік іске пара-пар деген болар ем. Заманның ең қиын шағында жаңадан әдемі қала салу дегеніңіз ғажап іс қой. Досымның таңды ұрып айтуға жететін тарихи істері көп. Ол әлі-де мемлекетін дамытып, әлемдегі озық елдердің қатарына жеткізудің қамында жүр. Оның өз мақсатын орындарына өз басым кәміл сенемін».
“Қиын да қызықты сәттерді бастан бірге өткіздік”
Қабидолла Сарекенов. Елбасының Днепродзержинскідегі курстары, Теміртаудағы әріптесі:

«1958–60 жылдары Днепродзержинскіде бірге оқыдық. Қиын да қызықты сәттерді бастан бірге өткіздік. № 8 ТУ-де лекция тыңдадық. Металлургия зауытында домнаның құпия сырларына үңілдік. Үйрендік. Әлі есімде, Сұлтанның үйінен алматының апорт алмалары пошта арқылы келетін. Таласа-тармаса жеп, мәз болысатынбыз. Сонда Сұлтан басқаларға жетпей қалмасын деп базарлықты тең бөлетін. Училищеміздің 80 жылдығына бірге бардық. Сонда өзімізді оқытқан ұстаздардың қысып тұрып: «Мен сіздерді ешқашан ұмытпаймын. Украина — мен үшін алғашқы махаббат», — деген еді. Біз де осы сөзді қайталадық…

Патриотизм бір күнде қалыптаса қоймайды, ол қанға ананың сүтімен сіңеді. Өзімізді мысалға келтірер болсам, Теміртауға келген жастардың басында талай қиыншылық болды. Қолма-қол металлург болып кету оңай емес-ті. Жұмыс ауыр. Кейбір жігіттер ауылына қайтып кетті, кейбіреулері «Бізге бір жеңілдіктер болса» деп күңкілдеді. Сонда Нұрекеңнің бір емес, бірнеше рет: «Маған қандай жеңілдік болуы керек! Аяқ-қолым сау. Мен қазақ екенмін деп басқалардан өзіме ерекше қамқорлық сұрауым керек пе? Жоқ! Мен қазақпын. Бұл — менің елім! Менің жерім! Маған ешқандай жеңілдіктің қажеті жоқ! Адал еңбектен, күреспен өз нанымды, өз орнымды табуым керек», — деп айтқанын естіген едім. Ол партком хатшысы боп сайлағанда Мәскеуден шығатын орталық газетке «Причислен к отстающим» деген көлемді сыни мақала шықты. Авторы Полторанин. Кейін КОКП ОК хатшысы Владимир Иванович Долгих та жазды. Теміртау қалалық атқару комитетін басқарғанымда қиыншылықтармен кездестім. Бір ғана мысал айтайын. Перзентхананы жаңадан салғызып, пайдалануға бергізгеніміз сол екен, дүниеге келетін сәбилер саны екі есеге өсті. Ол партком хатшысы боп тұрғанда Магниткаға тек қазақ жігіттерін жинап қойған жоқ, қазақ қыздарын да көбейтті. Міне, ұлтжандылықтың жарқын көрінісі! Осыны неге айпаймыз? Нұрсұлтан басқа хатшылар сияқты, «Мен парызымнан құтылдым» дегендей, проблеманы — қазақтың ұл-қыздарының Магниткада аз екендігін КОКП ОК алдында айтып қана қойған жоқ, ол өзінің айтқанын өзі орындады. Сонау қиындыққа толы 70-жылдардан соң оңаша отырғанымызда: «Сұлтан, мен сені 1960-жылдары Кубаның құрылыс отрядын, кейінен өз мемлекетін басқарған Фидель Кастроға ұқсатамын», — дедім. Ол не деп жауап бергенін айтайын ба? «Оның ісі әрқашанда жақсы бола бермеді ғой. Фидель Кастроның орны өзгелерден бөлек», — деді. Мен бұл сөзіне қуандым, өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының мақсаты ешбір көшбасшыға ұқсамас еді».

«Өсер бала жас кезінен белгілі болады»

Сатыбалды Ибрагимов. Елбасының Днепродзержинскідегі курстары, Теміртаудағы әріптесі:

«1958 жылы 10 сыныпты бітіргеннен кейін бір жыл колхозда жұмыс істедім. Сол жылы ҚазМУ-ға түскенбіз: мен — физматқа, Сұлтан — химфаққа. Қырсық шалғанда КСРО Үкіметінің қаулысы бойынша 2 жыл еңбек өтілің болмаса, конкурстан өтпейсіңдер деді. Амал жоқ, ауылымызға қайттық. Күз мезгілінде Украинада кездестік. Үш топқа бөлінгенбіз. Дәнекерлеушікте — Исламқұлов, Нәрікбаевтер, мен құю және бөліп құю краны машинисі, Сұлтан мен Қабидолла домна өндірісінде оқыдық. Біз олардан 6 ай бұрын бітіріп, 1959 жылы қыркүйек айында Теміртауға келгенбіз. Болат қорытатын пеш дайын болмаған соң, сол жерде қара жұмысқа салды. Қай жаққа жібереді, сол жақта істедік. 1960 жылы шілде айында домна пешін іске қосты. Нұрсұлтан мен Қабидолла кенші боп жұмыс істеді. Украинадағы улилищеде бір бөлмеде 18–20 бала жататынбыз. Теміртауда Назарбаев, Сарекенов — үшеуміз бір бөлмеде жаттық. 1962 жылы бәріміз Қарағандыдағы политехникалық институтқа түстік. Қазақта айтады ғой: «Өсер бала жас кезінен белгілі болады». Техникалық училищеде оқып жүргенде-ақ ол ерекше көзге түсті. Сөзге шешен. Спортшы. Өнерпаз. Жұмысқа кіріссе, түбіне жетпей, жарты жолда тастап кетпейтін. Ертеңге қалдырмай, аяғына дейін жеткізеді. Пәтуалы адам. Қай уақытқа уәде берді, сол уақытта істейтін».

“Нұрсұлтан бiрiншi сыныптан тек беске оқыды, төрт, үш алса жылайтын”
Гүлсім Асқарбаева, Елбасының туысы әрі сыныптасы

“Мен Нұрсұлтанмен туыс болып келемiн. Бiр көшеде тұрдық. Менiң әкем, ағам соғыстан оралмай, Әбiш ата бiздiң үйге де бас-көз болып жүрдi. 1948 жылы Фурманов мектебiне бiрiншi сыныпқа барып, 1957 жылға дейiн бiрге оқыдық. Мен 7-сыныптан соң, еңбекке араласып кеттiм. Нұрсұлтан бiрiншi сыныптан тек беске оқыды, төрт, үш алса жылайтын. Әлi есiмде, Сарыгүл деген сыныптасымыз екеумiз киноға баруға (ол кезде 5 тиын) Нұрсұлтаннан ақша сұрайтынбыз. Нұрсұлтан жоғары 6-7-сыныптың өзiнде әкесiне ерiп жұмыс iстеп, ақша табатын. Бiз сұраған тиынды 2-3 рет бередi де, маған ұрсады. «Гүлсiм, менен ақша алып киноға барғанша, сабақ оқымайсың ба?» деп. «Маған үш те болады» деп күлетiнмiн. Әбiш ата жемiс ағашын өсiрудiң шеберi болатын. Екi үйдiң де бағын жайнатып қоюшы едi.

Әлжан анамыз қолынан талай нәрсе келетiн кiсi болатын. Мен тұрмысқа шыққаннан соң, менiң балаларыма тiгiп берген күртешесi әлi күнге дейiн үйде сақтаулы. Мен 7-сыныптан соң оқымай қалдым. Нұрсұлтандар соңғы екi жылын Қаскелеңдегi Абай мектебiнде жалғастырып, мектептi сонда бiтiрдi.

Бүгiнде Үшқоңыр (Шамалған) — соңғы үлгiдегi Қазақстан ауылдарының бiрi. Ауылда 4 орта мектеп, су шаруашылығы колледжi, 2 кәсiптiк бiлiм беру лицейi, жаңадан салынған аурухана, балабақша, облыстық мешiт, т.б. нысандар бар құтты қоныс”.

“Біздің достығымыз жасасын!”

Жомарт Сексенбаев, Елбасының сыныптасы

“Қаскелеңдегi Абай мектебiнде 1958 жылы бiрге оқып бiтiрдiк Нұрекеңмен. Бiрге оқыған 42 баланың iшiнде Нұрсұлтан, мен және менiң болашақ жарым үшеумiз айрықша дос болдық. Нұрекең екеумiздiң жұбымыз жазылмайтын, Украинаға да бiрге кетемiз деп шешкенбiз. Бiрақ, мен мектептен соң сыныптасымызға үйленiп, бара алмай қалдым. Сол тойда Нұрсұлтан маған күйеу жолдас болды. Достарымызбен Әйтей ауылында шама-шарқымызша тойладық. Нұрсұлтан Украинада оқып жүргенiнде хат жазып, демалысында бiздiң үйде болып кететiн. Жазған хаттарының бәрiн немiсше «Бiздiң достығымыз жасасын» деп аяқтайтын”.

Шамалғаным

(Елбасының өз өлеңі)

Шынымды айтсам, туған жердi сағынам,

Құзырына, құдыретiне табынам.

Шамалғанның ұшқан кезде үстiнен

Ән-жыр болып, ақ өлең боп ағылам.

Туған жерiм, биiктерге ұшырған,

Көзiме ыстық көрiнесiң қашаннан.

Тулайды кеп жұдырықтай жүрегiм,

Шамалғанның өткен кезде тұсынан.

Үшқоңырым, айналайын атыңнан,

Ауаң шипа, суың балдай татыған.

Қымызыңның күштiлiгi соншалық

Шайқап қалсаң, шампан болып атылған.

Мен балаңмын, сүйек-еттен жаралған,

Мен өзiңнен қуат алғам, нәр алғам.

Ешқандай да артықшылық жоқ менде

Еңбек етiп жатқан сенде адамнан…

Сыр шертеді суреттер…

Елбасы анасы Әлжанмен, дереккөзден
дереккөзден
дереккөзден
дереккөзден
Елбасы отбасымен, дереккөзден
дереккөзден
дереккөзден

 

Сабина Сайлаубай

(Айтбай Сәулебектің «Елбасының алтын бесігі» атты тарихи-деректі кітабынан алынған естеліктер, “Астана ақшамы” газетінің материалы қолданылды)

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз