Сақтандыру компаниясы: ұшақ апатынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді

0
246

Қазақстандық Amanat сақтандыру компаниясы Bek Air ұшағы апатынан қаза тапқандардың жақындарына және зардап шеккендерге өтемақы төлейтіндерін хабарлады.

Апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағы осы компанияда сақтандырылған.

Компания ұшақ апатынан денсаулығына зардап келген жолаушылардың ем-домына кеткен шығыны ретінде 200 АЕК (505 мың теңге), апаттан кейін мүгедек болып қалғандарға 2500-5000 АЕК (6 млн 312 мың тг – 12 млн 625 мың тг), қаза болғандардың жақындарына 5000 АЕК (12 млн 625 мың тг) өтемақы төлейтінін мәлімдеді.

Amanat бұл өтемақыларды Bek Air компаниясынан тиісті құжаттарды алған соң жеті күннің ішінде төлейтінін хабарлады.

Amanat компаниясының хабарлауынша, өтемақы “Жолаушылар алдындағы тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы” заңына сәйкес төленеді.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза тапты. Ондаған жолаушы жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

27 желтоқсанда премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатының себептері туралы болжам айтты. Оның сөзінше, ұшақ ұшқыштың қателігінен немесе техникалық ақаудан құлауы мүмкін.

Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына төрт миллион теңгедан (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Bek Air компаниясының лицензиясы тоқтатылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз