17 ақпанда ОКҚ-де Қытайдың Ухань қаласынан келген қазақстандық студенттердің қатысуымен баспасөз брифинг өтті.
Хубэй провинциясының Ухань қаласындағы университетінің PhD студенті Гүлбақыт Болатбекқызы вирус басталғандағы сәттер туралы айтып берді.
“Бізге Ухань қаласын жабамыз деген ақпарат 22 қаңтарда түсті. Оған дейін Қытай жаңа жыл мерекесін тойлады. Қытайда 2-3 жыл тұрған біз Қытай жаңа жылы таяғанда азық-түлікті ерте қамдап алу керектігін білеміз. Мереке қарсаңында дүкендер таңғы 9:00 ден кешкі 16:00 -ге дейін ғана ашық болады. Қала жабылғандығы туралы ақпарат жеткен соң вокзал мен әуежай жұмысын тоқтатты. Төтенше жағдай жарияланды. Үйден ешқайда шығуға болмайды. Азық-түлік, ауыз су, маска барлығы таратылды. Олар бізге шетелдік студент болғандықтан бөлмемізден шықпау керектігін айтты. Сыртқа тек график арқылы шығамыз. Барлығы жоспарлы түрде жүзеге асты. Ешқандай даурығу болған жоқ. “Нанның тіліміне таласып жатыр” деген ақпаратты кім таратқаны бізге үлкен жұмбақ”, – деді Гүлбақыт Болатбекқызы.
“Біріншіден Қытайдан осында әкелгені үшін еліме рахмет айтқым келеді. Уханьда әлеуметтік желі арқылы тараған “тамақ жоқ” секілді ақпараттың бәрі жалған. Сол қалада өмір сүрген адам ретінде айтайын, дүкендердің барлығы 24 сағат ашық, су, дәрі-дәрмек жеткілікті болды. Бізге елшіліктен хабарласып қалай әрекет етуіміз туралы ақпарат берілді. Ережені қатаң сақтап, қолымызды жиі жуып, сыртқа шыққанда міндетті түрде бетперде тақтық. Қала тыныш, халық көбіне үйде отырды”, – деді студент.