1 сәуірде өткен баспасөз брифингінде Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирустан көз жұмғандардың сүйегі туыстарына берілмейді деп мәлімдеді.
“Вирустан көз жұмғандардың сүйегі мәйітханаға зерттеуге жіберілмейді. Туысқандарына берілмейді. Қоштасуға тек 30 минут беріледі. Ара қашықтық үш метрден кем болмауы керек. Жерлеу рәсіміне жақын туыстары мен бір дін қызметкері қатыса алады” – деді Есмағамбетова.
31 наурызда Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу ережесі бекітілген еді. Бас санитар дәрігер шығарған қаулыға сәйкес, егер марқұм мұсылмандық ғұрыпқа сай жерленсе, сүйекті жуу рәсімі медициналық мекемелерде өтеді. Жерлеу рәсіміне металл немесе ағаш табытпен әкелінеді. Жерлеу кезінде марқұмның бетін ашуға тыйым салынған.