2017 жылғы 5 желтоқсанда Мәскеуде Әзербайжан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Эльмар Мамедъяров, Иран СІМ басшысы Джавад Зариф, Қазақстан СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов, Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров және Түркіменстан СІМ басшысы Рашид Мередов қатысқан Каспий жағалауы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің мәжілісі табысты аяқталды деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Тараптар каспий проблематикасы күн тәртібінің бірқатар маңызды мәселелерін, соның ішінде Каспий теңізінің түбі мен жер қойнауын бөлу, аумақтық және iшкi суларда жүзу режимi, Каспий теңiзiнің түбiмен суасты құбырларды жүргізу, теңіздер мен әлем мұхитына еркін қол жеткізуіне қатысты, тағы басқаларды да қарастырды.
Мәжілістің басты қорытындысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенциясының жобасы бойынша барлық негізгі мәселелердің келісілгені.
Жуық арада сарапшылар 2018 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша Қазақстанда өтетін Каспий жағалауы мемлекеттер басшыларының саммиті барысында қол қою үшін Конвенцияның жобасын дайындау бойынша техникалық жұмыстарды жүргізеді.
Атап өтерлігі, Каспий теңізінің мәртебесін реттеу және халықаралық саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың құқықтық режимін құру Каспий өңірінің саяси тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету, оның табиғи байлықтарын сақтап арттыру және бірегей географиялық жағдайын пайдалану мәнмәтініндегі маңызды стратегиялық мәселе болып табылады. Атап айтқанда, Қазақстан басшысы ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес ҚР және оның көршілерінің транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді қолданудың жаңа болашағы айқындалады. Конвенция бойынша жұмыс 20 жылдан астам жүргізілді. Құжаттың жобасында Каспий теңізіндегі тараптар қызметінің негізін қалайтын қағидаттар, теңіз айдыны мен ұлттық түбтік секторларды айыру, әскери ынтымақтастық және биологиялық ресурстарды, теңіз түбі мен жер қойнауын, жүзуді, қоршаған ортаны қорғауды, теңіз ғылыми зерттеулерді игеруіне байланысты шаруашылық-экономикалық ынтымақтастықты іске асыру мәселелері белгіленеді.
Сабина Сайлаубай