30 мамырда Ақмола облысының Щучинск қаласында Бурабай кентінің бұрынғы әкімі Шыңғыс Темірбеков әлдебіреулердің ұрып-соғуынан көз жұмды. Қазір 23 мамырда болған осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып жатыр.
“Щучинск қаласының тұрғынына ауыр дене жарақатын салу фактісі бойынша 23 мамырда Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі (қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 25 мамырда осы қылмысты жасаған күдікті Бурабай аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – делінген Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.
27 мамырда Бурабай аудандық соты күдіктіні бұлтартпау шарасын – үй қамауына алу туралы шешім шығарды.
Ал сенбі, 30 мамырда соққыға жығылған ер адам қайтыс болды.
“Жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты іс Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігіне ауыстырылды (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана жасалған дене жарақаты). Күдікті Бурабай аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді баспасөз қызметі.
Айта кетейік, аталған бап бойынша сегіз жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.