Алакөлге баратын демалушылардан коронавирус қарсы тест тапсырғаны туралы анықтама талап етілмейді. Бірақ демалыс орындарында санитарлық талаптар күшейтіледі.
Демалыс орнына келген туристер де, қызметкерлер де адам көп шоғырланған жерде медициналық маска тағып жүруге міндетті. Сондай-ақ әр өңірден келген туристерді бір бөлмеге жатқызуға тыйым салынады.
Туристердің тамақтанатын, жатын орындары 1,5-2 метрлік арақашықтықты сақтап, санитайзерлермен қамтамасыз етілуі тиіс.
“13 маусымнан бастап Алакөлдегі және басқа жерлердегі демалыс орындары ашыла бастайды. Арнайы комиссияның шешімімен COVID-19-ға анықтама сұрамайтын болдық. Оның орнына талапты күшейтеміз. Демалыс орындары қызметкерлерін жаңа форматта дайындайтын болады. Демалушыларды қалай қарсы алу керек, тепловизормен қалай жұмыс істеу керек, анкета қалай толтыру керек, соның бәрін үйрететін боламыз. Егер дайын болса жаңағы базаларға рұқсат береміз, дайын болмаса рұқсат берілмейді”, – деді Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов.