21 қаңтарда Қырғызстан президенті міндетін уақытша атқарушы, Жогорку кеңеш спикері Талант Мамытов премьер-министр мен үкіметтің өкілетін аяқтау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы мемлекет басшысының сайтында хабарланды.
Хабарламада президент сайлауының ресми қорытындысы жарияланып, Садыр Жапаровтың премьер-министр өкілетін аяқтау туралы өтініш бергені жазылған.
Бұл жарлық бойынша үкімет толық отставкаға кетті деп саналады. Премьер-министр міндетін Артем Новиков уақытша атқарады.
Бұған дейін Садыр Жапаровтың президент сайлауының ресми нәтижесі шыққаннан кейін премьер-министр өкілетінен бас тартатыны хабарланған еді. Конституция бойынша, бұдан соң үкімет толық отставкаға кетуі тиіс.
Өткен жылы 6 қазанда Қырғызстанда халық толқуы болып, артынша билік ауысқан. Жогорку кеңештің кезектен тыс отырысында Садыр Жапаров премьер-министр болып тағайындалған. Кейін ол президент сайлауына түскісі келетінін айтып, үкімет жетекшісінің өкілетін уақытша тоқтатқан.
20 қаңтарда орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының ресми нәтижесін жариялап, Садыр Жапаровтың жеңгенін мәлімдеді. Оның инаугурациясы 28 қаңтарда өтеді.