АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне Энтони Блинкен тағайындалды. АҚШ сенаты сейсенбі күні мемлекеттік департамент жетекшісі қызметіне Блинкеннің кандидатурасын қолдады.
58 жастағы Энтони Блинкен бұған дейін Обама әкімшілігінде мемлекеттік хатшының орынбасары болған. Байденнің сенімді адамы саналатын Блинкен сенаттың халықаралық қатынастар комитетінде (2002-2008 жылдары) онымен бірге қоян-қолтық жұмыс істеген. Кейін Байден Обаманың тұсында вице-президент болып тұрғанында оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған.
Жастық шағында көп уақытын Парижде өткізген Блинкен француз тілінде еркін сөйлейді және интернационалист болып есейген.
Ол жарымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметін кәмелетке толмаған балалары бар адамның атқармағанына көп болған.